Темірланда рәміздер аллеясы пайдалануға берілді

рәміздер аллеясы

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Ордабасы ауданында тағылымы мол мерекелік іс-шара өтті. Мерекелі күнде аудан орталығы Темірлан ауылында жаңа «Рәміздер аллеясы» пайдалануға берілді.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран асқақ орындалды.

Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің ұлттың рухани тұтастығы мен тәуелсіздігінің басты нышаны екенін атап өтті.

– Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың өткені мен бүгінін жалғап, жарқын болашағына жол бастайтын қасиетті құндылықтар. Туған жерге деген мақтаныш пен елге деген сүйіспеншілік ең алдымен мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Бүгін ашылып отырған Рәміздер аллеясы – елдігімізді ұлықтайтын, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух пен ұлттық құндылықтарды сіңіретін маңызды орын. Көк Туымыз Ордабасының төрінде әрдайым асқақ желбіреп, Әнұранымыздың әуені ел мерейін үстем ете берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болғай, – деді аудан басшысы.

Салтанатты шара барысында ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, елдік құндылықтарды дәріптеу мен мемлекеттік рәміздерді насихаттауға үлес қосқан бірқатар азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар, аудан өнерпаздары патриоттық және рухты әндер орындап, мерекелік кештің мазмұнын айшықтай түсті.

Айта кетейік, Рәміздер аллеясының құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысан аумағында мемлекеттік рәміздер алаңы, сәнді жарық шамдары, түрлі түсті субұрқақ және тұрғындардың демалуына арналған көріктендірілген аумақ орналасқан.

Жаңа нысан аудан тұрғындарының игілігіне қызмет етіп қана қоймай, елдік пен тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтін тағылымды орынға айналмақ.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі