«Адал көмек» жобасы аясында құқықтық көмек көрсету жалғасуда

Түркістан өңірінде «Адал көмек» жобасы аясында халыққа құқықтық көмек көрсету жалғасуда, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына өмірлік маңызды мәселелерді шешуде заң көмегін көрсететін «Адал көмек» жобасын жүргізіп келеді.

Жобаның негізгі мақсаты — ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын тікелей әлеуметтік объектілерде қарастыру және заң аясында құқықтық көмек көрсету.

Жұртшылықпен оң бағаланған аталмыш жобаның жалғасымен бүгін Халықты жұмыспен қамту саласындағы проблемалы мәселелерге байланысты мемлекеттік орган өкілдері өңір тұрғындарын толғантқан мәселелерге құлақ түріп, олардың шешу жолында азаматтармен кері байланыс орнатып, құқықтық кеңестер берді.

Олардың қатарында, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы, Түркістан облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы,  Түркістан облыстық Кәсіпкерлер палатасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілдері бар.

Шараға қатысқан азаматтардың негізгі мәселелері білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарына жұмысқа орналасу, денсаулығына байланысты медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге қатысты болды. Тұрғындарға заң шеңберінде түсіндірмелер берілді.

Айта кетейік, «Адал көмек» жобасы аясындағы іс-шаралар жыл соңына дейін айына екі рет тұрғындардың келуіне қолайлы, жұртшылық көп шоғырланатын орындарда өтетін болады.