«Алтын күз – 2021». Арыс қаласы ірі қара малды асылдандырудан озат атанды!

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері жылды қорытындылады. Биыл, Арыс қаласының еңбеккерлері жыл басынан бері 17 млрд 239 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірген. Ала жаздай жер емген арыстық ағайынның еңбегі ескеріліп, облыста өткен «Алтын күз-2021» салтанатты жиынында Арыс қаласы ірі қара малды асылдандырудан озат атанды. Салтанатты кеште қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлыбек Біләлбеков облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің алғыс хатымен марапатталды. Ал, Арыс қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айдағарев Мамытхан Әлімханұлы «Озат ірі қара мал шаруашылығын дамытушы» марапатын алса, қаламыздың тұрғыны, Арыс қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Батырбек Исламбеков ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медальінің иегері атанды. Айта кетейік, жалпы, Арыс қаласының барлық жер көлемі – 765 395 гектар. Ал барлық ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 458 872,0 гектар. Оның ішінде: егістік жер – 23 180 гектар, оның суармалысы – 13 285,0 гектар. Биыл, Арыс қаласының ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы агроқұрылымдар саны – 1 670-ке жетіп отыр. Оның ішінде: Оның ішінде: Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) – 344, Өндірістік кооператив (ӨК) – 104, Шаруа қожалық (ШҚ) – 1 222.Арыс қаласы бойынша ірі қара мал – 41 637 басқа жетіп отыр. Ал жылқы – 16 530 бас, қой – 435 360 бас, ешкі – 21 918 бас, түйе – 3 202 бас, құс – 72 716 басты құрады.Еңбегінің жемісін көріп отырған қаламыздың еңбек озаттарының ырысы артып, құт-мекеніміздің абыройы асқақтай берсін!

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі