«Алтын күз – 2021». Қала әкімі еңбек озаттарын марапаттады

Бүгін Мәдениет үйінде қаламыздың шаруалары мен диқандарына арналған «Алтын Күз-2021» салтанатты жиыны өтті. Бұл шара ерте көктемнен қара күзге дейін талмай еңбек еткен шаруалардың жыл қорытындысы десек те болады. Жиында қала әкімі Гүлжан Мамытқызы қаламыздың ауылшаруашылық саласында жеткен жетістіктеріне тоқтала келіп, еңбек адамдарына деген ыстық ықыласын білдірді. Қала әкімі мал, егін шаруашылығында биіктен көрінген жекелеген диқандарды арнайы медальдармен, Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар жасады.Сондай-ақ, мал басын көбейтумен, асылдандыру бағытында жұмыс істеген шаруалар да марапаттан тыс қалған жоқ. Әр ауыл округ әкімдері де еңбектеріне лайық марапатқа ие болды. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы көрсеткіштері жоғары деңгейде орындағаны үшін, Қожатоғай ауылдық округіне бірінші орын, Дермене ауылдық округіне екінші орын, Жиделі ауылдық округіне үшінші орын иемденді. Салтанатты шарада қала әкімі Г.Құрманбекова: «Халқымызда «Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме» деген нақыл сөз бар. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатындағы үкіметтің қабылдаған бағдарламаларын жүзеге асыру аясында алдағы уақытта барлығыңызды әсіресе жастарды еңбектенуге шақырамын»-деді.Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, қаламыздың әншілері жиналған қауымға өнер көрсетіп, ән-биден шашу шашты. Қала еңбеккерлері еңбектің еленгеніне ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.Айта кетейік, бүгінгі таңда қаламыздың ауылшаруашылығы бағытын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар іске атқарылуда. Шаруаларға өз ісін өрлету мақсатында мемлекет тарапынан ұсынылып жатырған бағдарламалар толыққанды жүзеге асуда.Экономикаға серпін беретін жарқын жобалардың арқасында қаламыздың ауылшаруашылық құрылымдары биыл 24 мың 148 гектар жерге дәнді-дақыл егіп, 13 миллиард 899 миллион теңгенің өнімін өндірді. Бүгінде ауыл шаруашылығына қажетті 45 дана жаңа техника алынса, 2022 жылдың есебіне 5 мың гектар жер айдалып, оның 1 500 гектарына күздік егіс егілді.Сондай-ақ, қаламызда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал басы едәуір өсіп отыр. Атап айтқанда, ірі қара 37 мың 279-ға, түйе 3 202-ге, жылқы 16 мың 530-ға, қой мен ешкі 457 мың 278-ге және құс саны 72 мыңға артты.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі