Алтын құрсақты аналар ардақталған күн

Әлемнің жарығын сыйлаған, бар тілегін перзентінің жолына арнаған ардақты аналарға сый көрсету, қамқорлық жасау біз үшін парыз.Осы мақсатта бүгін қала әкімі Гүлжан Мамытқызы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, қаламыздағы бірқатар алтын құрсақты көпбалалы батыр аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапаттады.Шара барысында қала әкімі Г.Құрманбекова аналарымыз әрбір шаңырақтың босағасы берік болуына, еліміздің бірлік пен берекенің орнығуына, мемлекетіміздің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудегі үлестері өлшеусіз екендігін тілге тиек етіп, алтын құрсақты асыл жандарды марапаттарымен құттықтады. — Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Тәңірдің бізге ұсынған үлкен сыйы – тәуелсіздік болса, басымызға қонған осы бақтың баянды болуына әйел-аналардың қосар үлесі қомақты. Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Сіздерге еңбектеріңізге табыс, қажымас қайрат, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік пен бақыт тілеймін – деді қала басшысы. Іс-шара барысында ақ жарма тілектер айтылып, көпбалалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа алғыстарын айтты.Айта кетейік, бүгінгі таңда қаламызда 536 көпбалалы ана «Алтын алқа», 1757 ана «Күміс алқа» иеленген. Ал, 183 ана І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталса, оның ішінде 31 Батыр ана бар.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі