Заңсыз аң аулаған қос азаматқа қатысты сот үкімі шықты

Арыс аудандық сотымен Жиделі ауылының тұрғындары Б. мен А.-ға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 337-бабы төртінші бөлігінің 2),4) тармақтарымен қылмыстық іс қаралды. Яғни, жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн жою арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалған.Істің мән-жайына сәйкес, 34 жастағы азаматтар 2021 жылғы 3 қазан күні сағат 21:30 шамасында өздерінде аң аулауға жолдамасының жоқ екендігін біле тұра, заңсыз аң аулауға алдын-ала сөз байласып барған. Олар мемлекеттік тіркеуден өткізілмеген «ИЖ» маркалы мотокөлігі және тіркелмеген «В» модельді 16 калибрлі қос тегіс ұңғылы аңшы мылтығымен Байырқұм елді мекеніне қарасты «Шұрық» жайылымынан құм қоянын және 1 бас қарақұйрықты атып, ізін суытпақ болған жерінен Арыс Ауданы Полиция Бөлімі-мен құрылталған.Заңсыз ауланған аңдар айғақты зат ретінде тәркіленіп, басты сот талқылауында күдіктілер өз кінәларын толықтай мойындады. Қос сыныптастың бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, өтелмеген жаза мерзімдері бары анықталды.Сот құқық бұзушыларды ҚР ҚК-нің 337-бабының төртінші бөлігінің 2), 4) тармақтарында қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жыл мерзімге аң аулау қызметімен айналысу құқықтарынан айыра отырып, біріне төрт жыл мерзімге, екіншісіне үш жыл үш ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.ЕСКЕРУ: Жаза тағайындалғанда екі азаматтың бұған дейінгі өтелмеген жаза күндері қоса есептелді.Үкім заң күшіне енген жоқ.

Арыс аудандық соты