Қоғамдық келісім мен этносаралық татулық – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты негіздерінің бірі. Қазақстанда түрлі этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүріп, өзара сыйластық пен түсіністік негізінде қарым-қатынас орнатуы мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің атқаратын қызметі ерекше мәнге ие.
Аналар кеңесі қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған маңызды жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Кеңес мүшелері түрлі этнос өкілдері арасында достық қарым-қатынасты қалыптастыруға, мәдениеттер мен дәстүрлерге құрметпен қарауды насихаттауға белсенді үлес қосуда.
Отбасы – қоғамдық келісімнің бастауы. Сондықтан Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөледі. Жастардың бойында патриотизм, толеранттылық және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру арқылы қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністіктің нығаюына ықпал етеді.
Сонымен қатар, Аналар кеңесі әлеуметтік мәселелердің алдын алу, тұрмыстық жанжалдарды шешу, құқықтық және рухани ағартушылық жұмыстарын жүргізу арқылы қоғамдағы татулықты сақтауға өз үлесін қосып келеді. Кеңес мүшелері тұрғындармен кездесулер өткізіп, отбасы тәрбиесі, қоғамдық әдеп, ұлттық тәрбие және бірлік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады.
Бүгінде Аналар кеңесі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту жолындағы маңызды қоғамдық институттардың біріне айналды. Оның қызметі қоғамдағы өзара сенім мен сыйластықты арттырып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына негіз болуда.
Түркістан қаласындағы Достық үйінде Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің II тоқсандық отырысы өтті.
Отырыста Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызы модераторлық жасады.
Іс-шараны облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Ұласбекқызы ашып, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтудағы Аналар кеңесінің маңызды рөліне тоқталды.
Жиын барысында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің ардагері Дүйсенкүл Жамболқызы Жамболова «Ана – отбасының жүрегі, қоғамның ұйытқысы» тақырыбында баяндама жасады;
Қазақстанның даңқты боксшысы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Адырбекқызы Шойбековаға «Ұлы Ана» медалі табысталып, ол «Ана мейірімі мен ұл ерлігі» тақырыбында сөз сөйледі;
Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Гүлзия Нұрғалиқызы Қарсыбай «Дроперлер және оның алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақтану жолдарын түсіндірді;
Бәйдібек аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нағима Маханқызы Қырықбаева «Лудомания – қоғам дерті: алдын алу және отбасы рөлі» тақырыбында ой бөлісті;
Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері, полиция подполковнигі Жандос Сейтханұлы Қапанов «Түркістан облысындағы криминогендік ахуал және жастар мен жасөспірімдер арасында маргиналдық топтардың құрылуының алдын алу» тақырыбында баяндама жасады.
Қазіргі таңда Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 204 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Кеңестер құрамында 1223 мүше бар.
2026 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында 186 іс-шара өткізіліп, оған 23 674 адам қатысты. Оның ішінде «Салауатты сана» жобасы аясында 104, ал «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылды.
Отырыс қорытындысында отбасы институтын нығайту, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, лудоманияның алдын алу және қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту мәселелері сөз болды.
Аналар кеңесінің қызметі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуда, отбасылық құндылықтарды дәріптеуде және жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Бірлік пен келісімді сақтау жолындағы бұл жұмыстар еліміздің жарқын болашағына қызмет етеді.
