Арыста халықаралық жарыс басталды

Арыс қаласында спорттың еркін күрес түрінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир басталды. Арыс қаласының тумасы, Социалистік Еңбек Ері, «Отан» орденінің иегері Оңтүстік Қазақстан облысы мен Арыс қаласының Құрметті азаматы Әуесхан Салықбаевты еске алуға арналған дәстүрлі дода осымен XXXV ұйымдастырылып отыр.Қала әкімдігі мен №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжымының бастамасымен өткізіліп жатқан турнирге Алматы облысы мен қаласы, Қызылорда, Жамбыл облысы және Нұр-Сұлтан қаласының, Түркістан облысының аудандарынан 26 командалық топта құралған 250 спортшы өзара күш сынасып жатыр.Екі күнге созылатын сайыстың ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.«Арыс – кең байтақ Қазақстанымыз үшін еңбек ерлері мен танымал тұлғалар шыққан тарихи жер. Сан салалы шаруашылық пен әрқилы кәсіптің басын біріктірген мекен де осы тоғыз жолдың торабы – Арыс қаласы. Арыста – туып, Арыста – өскен еңбек майталмандарын біз әркез мақтан тұтамыз. Олардың өмірі мен жүріп өткен жолын кейінгі буынға үлгі, өнеге етіп келеміз. Өңірімізден шыққан сондай айтулы азаматтардың бірі – Әуесхан Салықбаев екені бәрімізге белгілі. Осыдан 92 жыл бұрын Арыс қаласында жұмысшы отбасында туған Әуесхан Салықбаев теміржол саласында талмай еңбек етіп, күллі қазақ теміржолшылары арасында зор беделге ие болды. Бүгінде біз осындай тау тұлғалы ердің есімін ұлықтай отырып, жасөспірімдерді спортпен шұғылдануға баулимыз. Жастар арасында саламатты өмір ұстануға шақырамыз», – деді Гүлжан Мамытқызы.Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, турнирде I және II орын алған жеңімпаздарға «Қазақстанның спорт шебері» атағына үміткер мандаты табыс етілетін болады.

Арыс қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі