Арыс аудандық соты жаңа ғимаратқа көшті

Бүгін Арыс аудандық сотының жаңа ғимараты мен «Үш би» ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Оған Қазақстан Республикасы Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінің басшысы Найль Ахметзакиров, Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбеков, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, аудан тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері, сот, прокуратура, ІІБ қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Арыс қаласының 65 жылдығына орай пайдалануға берілген зәулім ғимараттың лентасын Қазақстан Республикасы Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінің басшысы Ахметзакиров Найль Рафисұлы,Түркістан облыстық сотының төрағасы Мыятбеков Тұрысбек Ерболғанұлы, Арыс қаласының әкімі Құрманбекова Гүлжан Мамытқызы, Арыс қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Батыр Исламбеков пен елімізге белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашев қиып, аудан тұрғындарын құттықтады.Түркістан облыстық сотының төрағасы Т.Мыятбеков аудан халқын айтулы мерекемен құттықтай келе, сот билігінің дамуына мемлекетіміздің айрықша назар аударып отырғандығын атап өтті. «Мемлекет басшысының республика судьяларының VI-съезінде берген тапсырмасына сәйкес соттардың инфрақұрылымын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта сот ғимараттарының типтік жоспарлары бекітілген, соған сәйкес оларды салу кезінде функционалдылыққа, ыңғайлылыққа және инженерлік-коммуникациялық жүйелермен жарақтандырылуға айрықша мән беріледі. Арыс аудандық сотының жаңа ғимараты – осындай нысандардың бірі» — деді ол. «Әр түрлі себеппен сотқа келетін азаматтар үшін сот – әділдікті табудың соңғы үміт және сатысы. Дәл осындай сәттерде келген адамдар өздерін сот ғимаратында қолайсыз сезінбеуі қажет. Сот төрелігінің заманға сай жабдықталған жаңа ғимаратының залдары шығарылған заңды әрі сарабдал сот актілерінің негізінде заң үстемдігі мен әділдіктің салтанатын толықтыра түсуі тиіс», — деді Т.МыятбековСондай-ақ, облыстық сот төрағасы тәуелсіздік жылдарында мүсін өнерін дамытуға қосқан үлесі мен халқымыздың үш биі Қазыбек би, Төле би, Әйтеке билердің мүсінін Арыс аудандық сотының жаңа ғимаратына жасаудағы ерен еңбегі үшін мүсін авторы Мүтәлі Күздеубаевты алғыс хатпен марапаттады.1500 шаршы метрге жуық аумақта орналасқан жаңа ғимарат заманауи үлгіде салынған. Ыңғайлы күту залы мен фронт офис, бейнебайланыс құралдарының ыңғайлы жиынтығы, мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуына жасалған жағдай – мұның бәрі де қоғам игілігі үшін жасалған қадам.Ғимаратта заманға сай тіршілікті қамтамасыз ету, үздіксіз жұмыс істеу және бақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Ашылу рәсімінен кейін қонақтар жаңа нысанды аралап шықты.

Арыс аудандық соты