Арыс қаласында алғыс айту күніне орай мерекелік іс-шара өтті

Бүгін «1 Наурыз — Алғыс айту күні» мерекесі аясында қалалық мәдениет үйінде «Ұлы дала ұрпағына – мың алғыс» атты салтанатты кеш өтті. Оған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев пен этномәдени бірлестік мүшелері, түрлі сала өкілдері және қала тұрғындары қатысты.Мерекелік шарада қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының сомдауымен этностардың қоныстануы туралы тарихи мәліметтер арқау болған театрландырылған-сахналық қойылым көрсетілді. Әсерлі қойылымның соңы өнер мектебі жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.Содан соң қала әкімі Гүлжан Құрманбекова арыстықтарды айтулы мерекемен құттықтады.- Алғыс айту күні отандастарымыздың арасындағы риясыз қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Сондай-ақ, бұл ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды айшықтай түседі. Бейбітшілікті ту етіп, бүкіл әлемге үлгі болған, ел ынтымағын айрандай ұйытып, тұрақты дамуға бастаған, бауырмал болмысымен танылған әрбір отандасыма, әрбір арыстық азаматқа, әрбір жерлесіме шын көңілмен ризашылығымды білдіремін, – деді Гүлжан Мамытқызы. Салтанатты шара аясында қала әкімі ел бірлігін сақтау мен қоғамдық келісімді нығайтып, азаматтарды отансүйгіштікке баулып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстады.Өз кезегінде қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері де тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт және жарқын өмір үшін өз алғыстарын жеткізді.Шара соңы мерекелік концертке ұласты. Өзге ұлт өкілдерінен құралған трио «Рақмет саған, туған ел» әнін орындаса, мәдениет үйінің өнерпаздары «Алғыс әні», «Самалтау» әнін орындады. Ал қала ардагерлерінен құралған хор «Атамекен» әнін шырқап көрермендердің қошеметіне бөленді.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі