Ассамблея мүшелеріне салтанатты жағдайда куәліктер тапсырылды

Бүгін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне куәліктерін тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті. Оған Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов қатысты.

—Биыл Шымкент қаласынан 24 азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіне қабылданды. Жақында Астана қаласында өткен ХХХІІ сессияда аталған азаматтардың куәліктері берілген болатын. Мемлекет басшысы, Ассамблея төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған куәліктерді Сіздерге салтанатты жағдайда тапсыру үшін бас қосып отырмыз. Алдағы уақытта Сіздермен бірге ел бірлігін нығайту жолында жемісті еңбек етеміз деп сенемін, — деген М.Шотанов жиынға қатысушыларды бүгінгі мерекемен құттықтады.

Басқарма басшысының қолынан куәлік алған азаматтардың қатарында қаладағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, еңбек ардагерлері мен қалалық мәслихаттың депутаттары бар.

«Шымкент келбеті»