Шардаралық полицейлер мерекелік шара ұйымдастырды

Шардара аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Шералы Әділханұлы, Әйелдер мерекесін қызмет бабында қайтыс болған полицейдің жұбайларын құттықтаудан бастады. Оның ішінде жеке құрам қызметтік міндеттерін атқару кезінде өмірден өткен полиция қызметкері Асқар Жәрдембаевтың отбасына арнайы барып қайтты. Полицейдің жұбайын мерекемен құттықтай отырып, генерал-майор Мұрат Қабденовтің марапаты мен сый-сияпаттарын табыстады. Отбасы мүшелерінің хал-жағдайын біліп, жанұяларына амандық тіледі.

Өз кезегінде өмірден ерте кеткен тәртіп сақшысының жақындары полицейлерге шынайы ризашылықтарын жеткізді. Жәрдембаев Асқардың жұбайы Гаухар Жанкисеева: «Әрбір мерекеде елеп-секеріп құттықтап келетін полицейлерге рахмет. Өзгелердің тыныш ұйықтауы үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Абыройлы болыңыздар!» -деп атап өтті.

Сонымен қатар полицейлер, жұлдызы ерте сөнген қызметтестері Федор Лачугиннің үйіне де барып, мерекелік тартуларын үлестірді.

Ал полиция бөлімінің салтанатты шарасында 12 полицей қыз-келіншектер марапатталды.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі