Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін басты құжат. Жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін қалыптастырып, қоғамдағы тұрақтылықты, заң үстемдігін және азаматтардың мүддесін қорғауды қамтамасыз ететін маңызды негіз болып табылады.
Негізгі заңның басты мақсаты – мемлекеттің тұрақты дамуына жағдай жасау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамдық келісімді нығайту. Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде белгіленеді. Бұл қағидат әділетті әрі құқықтық қоғам құрудың маңызды алғышарты болып саналады.
Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – Қазақстанның басты құндылықтарының бірі. Конституция барлық азаматтардың ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан тең құқықтарын қамтамасыз етеді. Осындай құқықтық негіз түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің өзара сыйластық пен татулық жағдайында өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция қоғамдағы өзгерістерге сай мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Бұл – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, ел дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Қоғамдық келісімді нығайтуда Конституцияның зайырлылық, теңдік және бейбітшілік қағидаттарының маңызы зор. Әсіресе дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, азаматтардың ар-ождан бостандығына құрметпен қарау және өзара түсіністік мәдениетін дамыту ел бірлігін нығайтуға ықпал етеді.
Түркістанда Түркістан облыстық Ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция – ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің кепілі» тақырыбында түсіндіру кездесуі өтті.
Жиынның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының негізгі қағидаттарын халыққа кеңінен түсіндіру, оның елдің құқықтық дамуы мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызын насихаттау.
Кездесуді Түркістан облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов ашып, Жаңа Конституцияның елдің тұрақты дамуына, заң үстемдігін орнықтыруға және қоғамдағы татулық пен өзара сенімді нығайтуға негіз болатын тарихи құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ жастардың бойында отансүйгіштік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруда ақсақалдардың өнегесі мен қоғамдық институттардың бірлескен жұмысы маңызды екенін жеткізді.
Өз кезегінде «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева Конституцияда көрініс тапқан негізгі өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, жаңа құқықтық кеңістікте әрбір азаматтың жауапкершілігі арта түсетінін айтты. Ол қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау – барша қазақстандыққа ортақ міндет екенін атап өтіп, түсіндіру жұмыстарының жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Жиын барысында Конституцияның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлі, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытындағы басымдықтар кеңінен талқыланды. Қатысушылар Конституцияның ел дамуының берік іргетасы екенін атап өтіп, құқықтық сауаттылықты арттыру мен жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, қойылған сұрақтарға жауап берілді. Сондай-ақ қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған жұмыстарды бірлесе жалғастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қорытындылай келе, Жаңа Конституция – ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің берік кепілі. Ол мемлекеттің тұрақты дамуына жол ашып, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Ата Заңды құрметтеу және оның қағидаттарын сақтау – еліміздің бейбіт болашағын қамтамасыз етудің маңызды шарты.
