Аудан әкімдігінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тәсілдері қаралды

Абай ауданы әкімдігінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тәсілдерін талқылау мақсатында кәсіпкерлермен жиын өтті.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының, аудан әкімдіктерінің қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Агенттікпен және оның аумақтық департаменттерімен ел аумағында ауыл шаруашылығын субсидиялау бағытына жүргізілген сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесі баяндалды.
Сонымен қатар, Департамент өкілі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында атқарылған жұмыстарға, сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріндегі жұртшылықтың рөліне тоқталып өтті.
Кездесуде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу жүйесі, бағыныстылардың сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың дербес жауапкершілігі институты және квазимемлекеттік секторда комплаенс-қызметтердің енгізілгендігі туралы айтылды.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының қызметкерлері ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаулар мен субсидиялауға қатысты ақпараттар беріп, кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.
Жиын қорытындысымен сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез келген азамат Агенттіктің 1424 CaII-орталығына немесе Департаментке хабарласа алатындығы жеткізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті