Аудан әкімі Ақсукент тұрғындарының мәселесін тыңдады

Сайрам ауданы әкімі Уласбек Садибеков Ақсукент ауылдық округінің тұрғындарымен Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде кездесті.

Кездесуде аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы Мади Нурлыбаев жергілікті тұрғындар тарапынан ағымдағы жылдың ІІ тоқсанында көтерілген мәселелердің шешілу жолдарына тоқталды.

Сонымен қатар, ақсукенттіктер бірқатар талап-өтініштерін аудан басшысына жеткізді. Атап айтқанда, тұрғын үй кезегінде тұрған халыққа жер учаскелерін қарастыру, Ақсукент-2 ауылын ауыз су және электр жарығы жүйелерімен тұрақты қамту, көп қабатты тұрғын үйлердегі лас шайынды су құбырларын ретке келтіру, жол қауіпсіздігін сақтау, күл-қоқыстарды тазалау және тағы басқалары. Аталған мәселелерді заң аясында зерделеп, нақты жұмыстарды атқаруды тиісті сала басшылары мен ауылдық округі әкімінің орынбасарына тапсырылды.

Кездесу соңында Ұласбек Сәдібекұлы бүгінгі жиындағы айтылған мәселелердің қорытындысы келесі тоқсанда өтетін кездесу барысында баяндалатынын атап өтті.

Ntime.kz