Аудан әкімі кент ішінде жүргізіліп жатқан санитарлық-тазалық жұмыстарын аралады

«Тазалық – саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру – әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлығын көрсетеді.

Осы ретте аудан әкімі Нұржан Ахатов аудан орталығында жүргізіліп жатқан санитарлық-тазалық жұмыстарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды аудан әкімінің орынбасарларымен және тиісті дербес бөлім басшыларымен бірге пысықтады.

Аралау барысында аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы кент орталығының Шоқай, Кәрімбаев, Жүргенов,Жайлыбаев, Әл-Фараби, Досбол датқа, Абай, Қонаев, Абылайхан, Сейфуллин, Дәулеткерей, Яссауи, Байтұрсынов көшелерін және кентіміздің теріскей беткейінде орналасқан Шанхай тұрғын ауданындағы көшелерінде жүргізілген тазалық жұмыстарын көрді. Көше бойларында жатқан тұрмыстық қатты қалдық заттарды, жарық бағаналарының түнгі мезгілде тұрақты жанып тұруын, электр желілері мен жасыл желектердің түптерінің бір келкі түсте болуын және жол бойындағы, арық жағасындағы шөптерді тазартуды, аула бойындағы үйінді тастарды және жеке секторлардың алдарындағы құрылыс материалдарын алдырып, кентіміздің көркейту-көгалдандыру мен санитарлық-тазалық жұмыстарын күнделікті бақылауға алып, тиісті шаралардың сапалы орындалуын қатаң тапсырды.

Мұнан бөлек, аудан басшысы аралау барысында №45 Ақорда мектеп-гимназиясының ауласындағы тазалық жұмыстарын сынға алып, аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Әмзеевке орын алған кемшіліктер бойынша 1 апта мерзім ішінде ретке келтіруді қатаң тапсырды.

Қазіргі таңда аудан әкімінің бастамасымен аудан орталығында санитарлық тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жерлестеріміз ортақ шаңырағымызды таза ұстау, оның көркеюіне атсалысу – баршамызға парыз екенін үнемі қаперде ұстауы қажет. Таза көше, таза аула – әрбір аудан тұрғынының мақтаныш болуы тиіс.

Ауданымыздың барлық тұрғындары, еңбек ұжымдары, мекемелер мен ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, қоғамның белсенді азаматтары мен жастар және тұрғын үй иелері көше тазалығын өз ауласынан бастап, туған жерінің көркеюіне өзіндік үлесін қосады деп санаймыз. Аудан тұрғындарын бірлесе отырып, қолдау білдіруге шақырамыз.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі