«АУЫЛ» партиясы облыстық филиалынан партиялық тізіммен ұсынылған кандидаттар тіркелді                 

2023 жылы 14 ақпан күні Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтіп, облыстағы саяси партиялар филиалдары партиялық тізімдермен ұсынған кандидаттар тіркелді.
Жиында партия өкілдеріне арнайы есеп шот ашу, сайлау қорын құру, сенімді өкілдер ұсыну және оларды тіркеп куәліктер беру мәселелері айтылып, түсініктемелер берілді. Сонымен қатар, әрбір саяси партиялар филиалдары бойынша тізіммен ұсынылған кандидаттардың сайлау заңы талаптарына сәйкестіктері ескерілді.
Сайлау заңы талаптарына сәйкес партиялардың бірі — «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы. Түркістан облысы бойынша «Ауыл» партиясының құрамында 27 мыңға жуық партия мүшесі бар. Бүгінде облыстық депутаттыққа партиялық тізіммен 10 үміткер, бір мандатты сайлау округі бойынша 1 адам тіркелді. Ал қала, аудандардан бір мандатты партиялық тізіммен 46 адам ұсынылып, қазіргі таңға 32 кандидат тіркеліп куәліктерін алды.
Комиссия отырысына «Amanat» партиясы, «Ауыл халықтық- демократиялық патриоттық партиясы, «Қазақстанның Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстан Халық» партиясы, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, «Respublica» партиясы облыстық филиалдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушы партия өкілдеріне алдағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын заң талаптары шеңберінде жүргізу және заң бұзушылықтарға жол бермеу керектігі ұсынылды. Саяси партия өкілдері үгіт-насихат жүргізу жұмыстары бойынша қажет болған жағдайда облыстық аумақтық сайлау комиссиясымен байланыста болатындықтарын жеткізді.
Айта кетсек, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының облыстағы филиалы бойынша сайлау күні үгіт-насихат жұмыстары бойынша 100-ге жуық белсенді және 1000-ға жуық сенім білдірген адам мен бақылаушы қарқынды түрде жұмыс атқарады.