«Ашық есік» күні өткізілді

Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық жайты қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Дегенмен, зорлық-зомбылыққа тап келген азаматшалар полиция департаментіне хабарласқанымен, басым бөлігі арыз жазудан бас тартады екен. Бұл жағдайдан көбінесе әйелдер мен балалар зардап шегуде. Аталған жайтқа қатысты Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баспасөз-конференциясында үй тирандарына жүктелетін жауапкершілікті заң жүзінде күшейту қажеттігін айтты.

Нақтырақ айтқанда, арызданушыдан анықтаушыға көшу. Яғни, құқық бұзушыны орын алған жайтқа қатысты міндетті түрде жауапқа тарту. Ең төменгі әкімшілік қамау мерзімін 5 күнге, құқық бұзушылықты қайталап жасаған жағдайға қамаққа алу мерзімін 20-25 күнге дейін ұзартуды ұсынды.

Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға ескерту жасаудың орнына, қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы жазалауды дұрыс деп санайтынын жеткізді. Ең бастысы, денсаулыққа зиян келтіруге байланысты қылмыстардың құрамына “отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы адамға қатысты”деген саралау белгісін енгізуді ұсынды.

Түркістан қаласы полиция басқармасының азаматтарды қабылдау кеңсесінде Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының иснпекторы Аселхан Божикенова «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында азаматтарды қабылдау кеңсесінде «Ашық есік» күнін өткізді. Іс-шараға психолог Бақытгүл Аширбекова, әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева қатысты. Жиынның мақсаты  жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ақпарттар беріліп, отбасындағы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық алдын алу, жолын кесу және де жалпы отбасындағы құндылықтар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізу, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек беру. «Нәзікжандылардың лайықты өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау, құқықтық сауаттылықтарын арттыру, бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу де — осы акция аясында жүзеге асады. Өкінішке қарай, бүгінде әйелдерге қатысты зәбір көрсету әлемнің барлық аймағында таралған және кез келген қоғамда кездесетін жағдай болып отыр. Сол себепті аталған өзекті жайт туралы тек акция аясында ғана емес, күнделікті өмірде де айтылып, алдын алу керек.                              Жиынға 10-ға тарта қыз-келіншек келіп, өздерінің отбасы-тұрмыстық саласына қатысты сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Қажетті құқықтық кеңестер алды.

Шараға қатысқан тұрғындар тәртіп сақшыларына өздері білмейтін жаңа ақпаратпен таныстарғанына және психологиялық кеңеспен бөліскен мамандарға ризашылықтарын жеткізді.