Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында

Шымкент қаласындағы Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері №№1, 69,74,97,104,109,115,119 және Болашақ мектептерінде шартты өртті сөндіру бойынша мектептің басшы құрамы және қызметкерлерімен бірлесіп өрт-тактикалық сабағын өткізді. Сабақ барысында өрт сөндірушілер нысанның шұғыл-тактикалық сипаттамасын зерделеп, жақын орналасқан гидранттарды және олардың жұмыс жағдайын тексере алды. Ал мектептің қызметкерлері өз кезегінде өрт сөндіру қызметін шақыру және қарсы алу тәртіптерін, ғимараттан адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіру және электр жүйесін т.б. сөндіруді машықтады. Тәжірибелік іс-шара соңында мектептердің қызметкерлерімен сабақтың нәтижесі бойынша талдау жасалды және өрт орын алған кезде жасалатын әрекеттер, алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану бойынша қосымша нұсқаулық жүргізілді.

Қызметтің қоғаммен байланыс тобы