Баспаналы болудың бағыттары түсіндірілді

«Shanyraq» отбасы институтын қолдау орталығында несиелік бағытта баспаналы болудың бағдарламалары түсіндірілді. Аталған орталықта Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Балықбаев кезекті тұрғындарды тұрғын үй мәселелері бойынша қабылдады. Онда тұрғын үй кезегі арқылы несиелік бағытта баспаналы болудың жеңілдетілген бағдарламаларының шарттары мен талаптары кеңінен түсіндірілді.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы азаматтардың мәселелерін тыңдап, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспанамен қамтылудың ең тиімді бағыттары «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» екендігін алға тартты.

Тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген пайыздық көрсеткіштегі «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағыттары қарастырылған. «Шаңырақ» бағытының талаптарына сәйкес төлемге қабілетті тұрғын үй кезегінде тіркелген барлық санаттағы азаматтардың өтінім жіберу мүмкіндігі бар. Ал. «Бақытты отбасы» бағытына тұрғын үй кезегінде тіркелген көпбалалы, толық емес және мүгедек бала асыраушы отбасылар санатындағы азаматтар ғана қатыса алады. Сонымен қатар міндетті түрде төлем қабілеттілігі болу қажет. Бұл екі бағыт бойынша өтінімдерді қабылдау Отбасы банкінің интернет ресурстары арқылы жүргізіледі.

Ал, 7-20-25 бағытына төлемге қабілетті, иелігінде жылжымайтын мүлік тіркелмеген барлық азаматтар қатыса алады. Азаматтар бірінші нарықтан тұрғын үйді немесе пәтерді өзі таңдайды. Бұл бағыт бойынша төлем қабілеттілігін растау үшін яғни пәтерді рәсімдеу үшін екінші деңгейдегі 8 банк жұмыс істейді. Атап айтқанда, Банкцентркредит, Еуразиялық банк, Халық банкі, Сбербанк, АТФ банк, Жусан банкі, РБК банкі, Форте банк.

Айта кету керек, «Бақытты отбасы» бағдарламасына 2021 жылға Шымкент қаласы бойынша бөлінген лимитке сәйкес «Отбасы банк» арқылы өтінімдер қабылдау аяқталған. Аталған бағытқа қатысуды көздеген азаматтар келесі жылы Отбасы банкіне өтінім тапсыра алады.