Белсенді жастар-елдің ертеңі

1991 жылдың 16 желтоқсаны қазақстандықтар үшін тәуелсіздігіміздің туы көкке желбіреп, бақыттың байлығына кенелген мерейлі күн болды. Азаттықты аңсаған ел арманына қол жеткізген жылы қуанышты қуанышқа жалғап талай сәбилер дүние есігін ашты. Міне сол сәбилер осы күні тәуелсіздігімізбен бірге өсіп болашаққа бірге қадам басып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүр. Осындай жастардың бірі-Бақдаулет Сихымбаев. Тәуелсіздігіміздің бел құрдасы екендігін мақтан тұтатын жас маман қазірде Шымкент қаласының өрт сөндіру қызметінде адам өмірін тілсіз жаудан арашалау жолында тынбай еңбек етуде. Тәуелсіздік күні жарияланғаннан кейін бір апта өткен соң, яғни 1991 жылдың 22 желтоқсанында Ақжар елді мекенінде дүние келген Бақдаулет жастайынан зерек, спортқа жақын, жақынға жанашыр болып өседі. 2008 жылы мектепті тәмамдап, Оңтүстік Политехникалық колледжіне оқуға түседі. 2012 жылы оқуды аяқтап, Талдықорған қаласында әскери борышын өтеуге аттанады. 2014 жылы өз өмірін өрт сөндіру саласымен байланыстырып, мамандандырылған жасаққа өрт сөндіру лауазымына қызметке орналасады. Үйренуге асығатын, белсенді жас ұжымда да сыйлы, әр істі жауапкершілікпен атқаратын ол өз белсендігі үшін түлі марапаттарға да ие болды. 2020 жылы Мангельдин көшесі бойында орналасқан көп қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде өрт орын алып, кезекшілікте болған Бақдаулет әріптестерімен сол өртті ауыздықтауға асығады. Тез, әрі кәсіби түрде әрекет етудің арқасында өрт дер кезінде сөндіріліп, адам өмірі құтқарылды. Бақдаулет бастаған буын пәтер ішінен егде жастағы ер азаматты алып шығып, өмірін құтқарды. Бұл үшін Департамент бастығының алғыс хатымен марапатталды. Ал 2021 жылы мінсіз қызмет атқарғаны үшін қала әкімі М. Әйтеновтің алғыс хатына ие болды. Спортты да серік еткен ол бокспен жастайынан айналысады. Елімізде өткен біріншілікте жүлделі орынды да алған. Ал қызметте өрт сөндіру-құтқару спортынан әріптестерінің арасында алдыңғы шептерден көрініп, ол құрамында болған команда 1-ші орынды иеленген кездері болған. Өз жұмысына деген ынтасы зор Бақдаулат әлі де асар асуым, бағындырар белесім көп дейді.Ол жолда аянбай еңбек етугеде дайын.Еліміздің болашағы болар жастарымыздың осындай белсенді, ынталы, әсіресе батыл болуы бізді қуантады. Олармен мақтанамыз! Әрдайым қолдап, дұрыс бағыт-бағдар беруді өз азаматтық борышымыз деп санаймыз!

Қ. Арсланов Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі