Шымкенттік дәрігерлер шеберлік сыныбында кәсіби біліктіліктерін арттырды

Бүгін Шымкент қалалық онкологиялық орталығында Санкт-Петербург қаласындағы Н.Н. Петров атындағы онкология ғылыми-зерттеу институтының профессоры, РҒА академигі Е.В.Левченконың қатысуымен бронхопластикалық операциялар бойынша шеберлік сабақтар ұйымдастырылды.

Жоғары технологиялық операцияның тиімділігі зор. Ота кезінде онкологиялық дертке шалдыққан науқастарда қатерлі ісік тек алынып қана қоймай, өкпені сақтап қалуға да мүмкіндік туындайды.

Күрделі операциялар осыған дейін шет мемлекеттерде жасалып келген. Мұндай оталар пациентті онкологиялық аурулардан айықтырып қана қоймай, түрлі асқыныстарды алдын алып, белсенділігін аз уақытта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Шеберлік сабағы аясында озық технологияларға негізделген оталар үш науқасқа жасалды. Ресейлік профессордың нұсқауымен жергілікті мамандардар оталарды сәтті жасап шықты.

Бүгінде орталық мамандары онкологиялық дертпен күресте, заманауи талапқа сай хирургиялық көмектерді көрсетуде әлемдік деңгейдегі тәжірибелі дәрігерлермен әріптестік байланысты нығайтқан.

Сонымен қатар Шымкент қалалық № 2 ауруханасында жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Бердіходжаевтың жетекшілігімен күрделі оталарды жасау бойынша шеберлік-сыныбы өтті.

Тәжірибе алмасу кезінде аурухана базасында инсульттен келетін қауіпті алдын алу үшін төрт науқастың мидағы қан тамырына күрделі ота жасалды. Операциялар сәтті өтті.

Мамандар дер кезінде анықтаған ми тамырларының қауіпті патологиясы мен сәтті жасалған шұғыл ота науқастардың өмірін сақтап қана қоймай, оның белсенділігін толық қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, осыған дейін мұндай оталар Астана, Алматы және шетелдерде жасалатын.

Еліміздегі жетекші нейрохирург Бердіходжаевтың қатысуымен өткен шеберлік сыныбында жергілікті дәрігерлер ота жасауда тәжірибелерін шыңдап, кәсіби біліктіліктерін арттырды.