«Біз жұлдыз болып жанамыз» атты ерекше жастардың шығармашылық кеші өтті

Ерекше қажеттіліктері бар шығармашыл адамдар мен мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетіне жағдай жасау, қамқорлық көрсету – біздің қоғам алдындағы басты парызымыз.

Шымкентте жастар ресурстық орталығының залында «Біз жұлдыз болып жанамыз» атты ерекше күтімді қажет ететін таланты жастардың шығармашылық кеші және қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.

Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен жоба 12 қыркүйекте басталып, үш күнге жалғасқан болатын. Мұндай жобаның мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін адамдармен жұмыс істейтін ұйымдарды қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін арттыру үшін жағдай жасау. Мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған іс-шаралар кешені аясында бірінші күні 100-ге жуық ерекше жан қаланың тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасаса, екінші күні 14 жастан 35 жасқа дейінгілер арасында үстел теннисі мен шахматтан турнир ұйымдастырылған болатын.

Шығармашылық кешті ашып берген қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Айтбекқызы өнерлі балалардың батырлығы пен ерлігіне алғысын білдірді.

– Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, қоғамдық ұйымдарға басымды иіп алғыс айтқым келеді. Қиындыққа мойымаған Сіздер нағыз батырсыздар. Бүгінгі шара ерекше балалардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, түрлі салада өнерлерін шыңдауға бағытталды. Мұндай игі іс міндетті түрде жалғасын табады, – деді Баян Айтбекқызы.

Өнерпаздар түрлі жанрда өнерлерін көрсетіп, қалың көрерменді ән мен жырға бөледі. Кеш соңында Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының жастармен жұмыс жүргізу және отбасы құндылықтарын насихаттау бөлімінің басшысы Қадірхан Арысбекұлы барша өнерпаздарды арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, жоба аясында өткен үстел теннисі, шахмат турнирі жеңімпаздарына, қолөнер шеберлері мен шығармашылық кештің өнерпаздарына қаржылай сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды.