Бұл — бақыт мекені: Арыста «Қолғабыс» қоры екі отбасыға қуаныш сыйлады

Арыс қаласында мұқтаж жандарға қол созып, баспаналы болуға жәрдем беруді мұрат тұтқан «Қолғабыс» қайырымдылық қоры «TezCo Trade» компаниясымен бірлесіп екі көпбалалы анаға баспана салып берді. «Қолғабыс» қайырымдылық қоры Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың ұсынысымен 2021 жылы құрылған. Қысқа уақыт ішінде қор өкілдері әлеуметтік жағдайы төмен жүздеген отбасыны отын, су мен азық-түлігі, киім-кешек сияқты күнделікті қажеттіліктермен қамтамасыз етіп келеді. Бұдан бөлек, қызмет ете бастаған 9 ай ішінде осымен төрт отбасыға баспаналы болу бақытын сыйлап отыр.Тұрғын үйді тұрғызуға атсалысып, көпбалалы отбасыларға азық-түлік пен тұрмыстық техникалар секілді басқа да материалдық көмек ұйымдастыруда белсенділік танытқан – «TezCo Trade» ЖШС.Қазіргі кезде компания басшысы Қайрат Бағланұлының арнайы тапсырмасымен Арыс қаласының 6 азаматы жұмысшы санатына тіркеліп, оларға бір айлық жалақы есебімен жәрдемақы тағайындалған. Сондай-ақ, қала әкімі Гүлжан Мамытқызымен кеңесе келе және «Қолғабыс» қорының төрағасы Сырлыбек Мұсабековтен көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін алынып, тиісті деңгейде материалдық, қаржылай көмектер көрсетіліп келеді. Тағы бір айта кетерлігі, аталған компания Арыстың 65 жылдығына орай 3 млн теңге көлемінде қолдау көрсетті.Су жаңа баспанаға ие болған жандардың бірі 2020 жылдың шілдесінде асыраушысынан айырылып, төрт перзентімен жесір қалған Рано Əбсейітова. Ол осы кезге дейін үйсіз болғандықтан, балаларымен бірге анасының үйінде тұрып, мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмексіз асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін жәрдемақымен ғана жан бағып келген.Баспана алу бақытына ие болған екінші отбасы – Эльмира Əбекова. Орта білімді жұмыссыз жанның соңынан ерткен 7 перзенті бар. Ол да осы кезге дейін жалдамалы пәтерде, оған шамасы келмей қалған сәттерде саяжай мен қараусыз қалған үйлерді өз күшімен жамап, жасқап баспана етіп келген. Мемлекет тарапынан балаларына берілетін жәрдемақымен жан баққан ол біршама уақыт бұрын жол апатына ұшырап, жұмысқа жарамсыз жағдайға түсіп қалған.Бүгінде қос отбасы қайырымды жандардың арқасында баспаналы болды. Тұрғын үй ғимаратының іргетасын қалаудан бастап, соңғы шегесі қағылғанға дейінгі істі ұйымдастырған «Қолғабыс» қорына және оның төрағасы Сырлыбек Мұсабековке, демеушілік танытып, материалдық көмек ұсынуда белсенділік танытқан «TezCo Trade» компаниясы мен барша ізгі жандарға алғысымызды білдіреміз!

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі