Бұл сайлау – әр отбасының болашағы үшін маңызды

18 ақпанда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауының үгіт-насихат жұмыстары ресми түрде басталды. Бұл саяси науқанның мемлекет пен қоғам үшін де, әр отбасы мен әр азаматтың болашағы үшін де маңызы зор деп білемін.

Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған саяси жүйені жаңғырту процесінің жалғасы ретінде биылғы 19 наурызда парламенттік сайлау өтетіндігін мәлімдеді. Осылайша елдегі конституциялық реформалар жалғасады, саяси институттар жаңарады. Біздің мемлекетіміз де, қоғам да өзгеріп жатыр. Жаңа дәуірге қадам басып отырмыз. Бұл сайлау арқылы Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталатыны анық. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мол мүмкіндік тумақ. Осылайша, Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады деген ойдамын. Бұл ретте алдағы парламент пен мәслихаттарға сайлау жаңа саяси бәсекелестік жағдайында өтетіні мәлім. Елімізде саяси науқанға 7 саяси партия атынан кандидаттар қатыса алатындығын да атап өткен жөн.

Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл көрсеткіш – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәнге ие қадам деп санаймын. Сайлау науқанына қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мәселен, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу де қарастырылды.

Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастыру тәртібінің өзгеруі түбегейлі маңызға ие. Сайлау жүйесінің жаңа тәртібі барлық деңгейдегі палата және мәслихаттар депутаттарының корпусын қалыптастыруға азаматтардың тікелей қатысу дәрежесін арттырады. Бұдан басқа, сайлаудың мажоритарлық жүйесін енгізумен депутаттық мандаттан айыру үшін қосымша негіз – бір мандатты округ бойынша сайланған Мәжілістің тиісінше жұмыс істемейтін депутатын кері қайтарып алу институтын бекіту енгізіледі.

Міне осындай жаңалықтар арқылы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды озық біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті жастар, білікті мамандар ғана құра алады. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, оң өзгерістер үшін өз таңдауымызды жасауға шақырамын.

Инара НАМАЗБАЕВА, «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының Президенті