Дархан Сатыбалды шетелдік инвестормен кездесті

Дархан Сатыбалды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ресей Федерациясынан келген ірі «Единение» құрылыс — даму компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде тараптар облыс аумағындағы құрылыс жұмыстарына, тұрғын үй құрылысына ресейлік компанияны тарту мәселесі жан-жақты талқылады.

Инвестор компанияның жұмысы мен мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталып, өз қызметтері туралы мәлімет ұсынды. Облыс әкімі құрылыс компаниясының жұмысына қызығушылық танытып, әріптестік мәселесін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Кәсіпорынның бас кеңсесі Тольятти қаласында орналасқан. Бүгінгі таңда «Единение» компаниясы Ресей Федерациясының бүкіл аумағында, сондай-ақ одан тыс мемлекеттерде құрылыс саласындағы жобаларды жүзеге асырады.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген. Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады. Түркістан өңірінде «Turan» арнайы экономикалық аймағы және 544,52 гектарды құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Осы аймақтарда инвесторлар мен кәсіпкерлерге жеңілдіктер, үлкен қолдаулар қарастырылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі