Департамент басшысы мектептердің қауіпсіздік жүйесін тексеріп, оқушылармен кездесті

ҚР ІІМ Ержан Саденовтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов аптаның дүйсенбісін мектептердің қауіпсіздік жүйесін тексерумен бастады.
Облыстың бас полицейі №21 М.Пошанов мектебіне барып, білім басқармасының мамандары, мектеп директоры және ұстаздармен тілдесті.
Білім ошағына орналастырылған «дабыл батырмасын» басып, қызметін бақылады. Дабыл болған кезде полиция нарядының неше уақытта келетінін және қалай әрекет жасайтынын тексерді.
Аталған оқу орнындағы бейнекамераларды қарап шығып, бекітілген күзет қызметкеріне жүктелген жауапкершіліктерді түсіндірді.
Мектептегі қауіпсіздікке толық көз жеткізген соң, генерал оқушыларды Полиция департаментін экскурсиялауға шақырды.
Департаменттің қызметкерлері 100 оқушы мен ұстаздарға арнап құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбында үлкен залда сабақ өткізді.
Сабақ барысында департамент басшысы жасөспірімдерге тәртіпті болу керектігін, ойынқұмарлық, нашақорлық, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік туралы айтып, болашақта ардақты азамат болатындарына сенімін білдіретінін жеткізді.
Одан әрі қарай білім алушыларға өнерлі тәртіп сақшылары өнерлерін, спортты серік еткендері өздерінің дайындықтарын көрсетсе, департаменттің алаңшасында балаларға қару-жарақтар, қызметтік көліктердің қызметі мен цифрландыру бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Жедел басқару орталығына да аялдаған балалар өздерін полиция қызметкерлері қалай бақылап отыратынын, бейнекамералардың қызметін көріп, танысты.
Тәлім-тәрбиелік маңызы бар шара соңында оқуда озат оқушылар мен олардың ұстаздары полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің атынан алғысхатпен марапатталды.
Айта кеткен жөн, Түркістан облысының полицейлері балалар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі кездесулер ұйымдастырып, бүгінгі таңда білім ошақтарына барып, құқықтық сауаттылықты арттыру сабақтарын өткізуде.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі