Детектив жанрының хас шебері

Абай атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай «Детектив жанрының хас шебері» тақырыбында әдеби кеш өтті.

«Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының мәжіліс залында өткен іс-шараға Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы-драматург Захардин Қыстаубайұлы, жазушы-шежіреші Момбек Әбдәкімұлы, сатирик жазушы Сабырбек Олжабай қонақ ретінде шақырылды. Сонымен қатар, кітапхананың тұрақты оқырмандары — М.Әуезов атындағы ОҚУ жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының аға оқытушысы, ақын Ғалым Қасымханұлы, Техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елнұр Нұрланұлы, «Мирас» колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжамал Көмек, Еңбекші ауданының жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің маманы Санжар Бүркітбай, Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылы Өнер жалпы мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерғазы Иманберді арнайы қатысты.

Кеш қонақтары жазушының қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған детективтік әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі, құқық қорғау қызметкерлерінің қылмыскерлерге қарсы күрестегі ауыр еңбегін көрсететін шығармалар жазғанын өскелең ұрпаққа баяндап берді.

— Кемел Тоқаев Халық қаһарманы, әйгілі партизан, жазушы Қасым Қайсенов туралы кітап жазған. Бүгінде оқырмандардың сұранысына орай жазушының еңбектері бірнеше мәрте қайта басылған. Жоғары оқу орындарының студенттері жазушының «Солдат соғысқа кетті», «Соңғы соққы» «Ұясынан безген құс» романдарынан, «Таңбалы алтын», «Сарғабанда болған оқиға», «Түнде атылған оқ» повестерінен үзінділер оқыды. Әрбір әдеби кеш өскелең ұрпақтың мол мағлұмат алып, дүниетанымын кеңейтуге жол ашады, — дейді Шымкент қаласындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің әдістеме бөлімінің меңгерушісі Раушан Сұлтанбек.

Жиын соңында Жол көлік колледжінің студенттері Құрманғазының «Балбырауын», М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін орындады. Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Гүлжан Байсерікқызы кеш қонақтары мен іс-шараға белсене қатысқан оқырмандарға алғыс білдірді.