«Донгуз» полигонындағы – Бейбіт миссия

Еліміздегі «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қарулы Күштерінің «Бейбіт миссия-2021» терроризмге қарсы бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысуда деп хабарлайды ҚР ҚМ Баспасөз орталығы.

Оған Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттері тартылды. Беларусь әскери қызметшілері оқу-жаттығуға алғаш рет қатысуда.

Елден Орынбор облысына «Батыс» өңірлік қолбасшылығының роталық тактикалық тобы келді. «Жайсаң» шекара  бекетінен күшейтілген танктермен және ҰҰА есептоптарымен сауытты транспортерлерде барлау-шабуылдау тобы жіберілді. Маневрға елдегі Әскери-әуе күштерінің жарағындағы Су-25 ұшақтары жұмылдырылды.

Бұл оқу-жаттығу Орынбор облысының «Донгуз» полигонында өтуде. Ол әскерлердің коалициялық топтарды басқару органдарының және контингенттерінің үйлесімділігін жақсартуға бағытталған. Терроризмге қарсы бірлескен операцияға авиация, зымыран әскерлері, артиллерия, батальон және роталық тактикалық топтар тартылған.

Әскери контингенттер жаңа тактикалық тәсілдерге қарсы іс-қимыл жасау, ұшқышсыз ұшу құрылғылармен күрес жүргізу, террористік шабуылдардың алдын алу тәсілдерін пысықтауда.

Қазақстандық әскери қызметшілерге заңсыз қаруланған құралымдардың шабуылын тоқтату, одан әрі қарсы шабуыл жасай отырып, шартты қарсыласты жою тапсырылды.

24 қыркүйекке дейін жалғасатын «Бейбіт миссия-2021» оқу-жаттығуына 5,5 мыңға жуық әскери қызметші, 1,2 мыңнан астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника жұмылдырылды.