Қазіргі таңда жастар тәрбиесі – қоғамның ең маңызды мәселелерінің бірі. Әсіресе жас ұрпақты түрлі жат ағымдар мен теріс идеологиялардың ықпалынан қорғау өзекті болып отыр. Жаһандану дәуірінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі діни және радикалды көзқарастар тез таралып, жастардың санасына әсер етуде. Сондықтан бұл мәселе мемлекетке ғана емес, ата-анаға, ұстаздарға және бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік жүктейді.
Жат ағымдар көбіне жастардың діни сауатсыздығын, өмірлік тәжірибесінің аздығын және эмоциялық әлсіздігін пайдаланады. Олар өздерінің жалған идеологияларын “шындық”, “әділдік” немесе “таза дін” ретінде көрсетіп, жастарды өз қатарына тартуға тырысады. Мұндай топтардың ықпалына түскен жас өз отбасынан, достарынан алшақтап, қоғамға жат көзқарас қалыптастыруы мүмкін.
Жастарды жат ағымдардан қорғаудың ең тиімді жолы – дұрыс тәрбие мен сапалы білім беру. Ең алдымен, отбасындағы тәрбие маңызды рөл атқарады. Ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, оның қызығушылықтары мен ортасына көңіл бөліп отыруы қажет. Мейірім мен сенім бар жерде бала теріс ықпалға оңай түсе қоймайды.
Сонымен қатар жастардың діни сауатын арттыру өте маңызды. Дінді сенімді және ресми мамандардан үйрену қажет. Себебі діни білімнің таяз болуы түрлі адасушылықтарға алып келеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында рухани-адамгершілік тәрбиеге көбірек көңіл бөлінуі керек.
Бұдан бөлек, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да үлкен маңызға ие. Спортпен айналысу, кітап оқу, өнер мен ғылымға қызығу – жастардың дұрыс бағытта дамуына ықпал етеді. Белсенді әрі білімді жас радикалды идеяларға сын көзбен қарай алады.
Осы орайда Төлеби ауданында «№8 колледж» МҚКК студенттерімен «Жастарды жат ағымдардан қорғау» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Төлеби ауданы аумағында дін мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) 2026 жылғы бірінші жартыжылдығына арналған жоспарына сәйкес өткізілді.
Кездесуге ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Төлеби ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Құрманалиев, Төлеби аудандық музейінің директоры А.Қыдырбаева, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, аудандық «Нұр» мешітінің наиб имамы Ж.Жаппаров, колледж директоры Н.Калиева қатысты.
Кездесу барысында спикерлер жастар арасында діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың таралу себептеріне жан-жақты тоқталып, олардың қоғам үшін қауіпті тұстарын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Сонымен қатар мұндай келеңсіз құбылыстардың алдын алу жолдары, жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, діни ақпаратты дұрыс саралау мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушыларға дәстүрлі дін құндылықтарының маңыздылығы, оның ұлттық болмыс пен қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы рөлі туралы мазмұнды мәліметтер берілді.
Кездесу барысында Төлеби аудандық музейінің директоры А.Қыдырбаева ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани мұраның тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталып, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтары жастарды дұрыс жолға бағыттайтын маңызды негіз екенін атап өтті. Осы тұста колледж директоры Н.Калиева ұлттық дүниетаным мен дәстүрлі мәдениеттің діни таныммен сабақтастығын түсіндіріп, жастарды ата-баба мұрасын құрметтеуге шақырды.
Сондай-ақ студенттерге күмәнді діни ағымдардың белгілерін ажырату, жалған ақпараттарға қарсы тұру, құқықтық жауапкершілік мәселелері бойынша «Нұр» мешітінің наиб имамы Ж.Жаппаров нақты түсіндірмелер берді. Іс-шара соңында колледж ДТЖЖ орынбасары А.Естаев дәстүрлі ислам мен деструктивті ағымдардың айырмашылықтары, теріс діни идеологиялардың таралу жолдары мен олардан қорғану тәсілдері туралы колледж студенттері нақты ақпаратпен таныс болғандығын жеткізіп, ақпараттық сағат үшін өз алғысын білдірді.
Кездесу еркін форматта өтіп, жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандар тарапынан жан-жақты әрі нақты жауаптар алды.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары жас ұрпақтың діни сауаттылығын арттыруға, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамның алғышарты.
Саналы, білімді, рухани бай ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана біз қоғам тыныштығын сақтап, еліміздің болашағын нығайта аламыз.
