Қазіргі таңда қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрбір мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осы тұрғыда діни тұрақтылықты сақтау және діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ерекше маңызға ие. Өйткені діни экстремизм қоғамдық келісімге нұқсан келтіріп, адамдар арасындағы сенім мен татулыққа қауіп төндіреді.
Діни тұрақтылық – әртүрлі діни сенімдегі азаматтардың өзара құрмет пен түсіністік негізінде өмір сүруі. Мұндай тұрақтылық қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтып, мемлекеттің дамуына оң әсер етеді. Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді басты құндылықтардың бірі санайды.
Діни экстремизм көбінесе діни қағидаларды бұрмалап түсіндіру арқылы адамдарды радикалды көзқарастарға тартудан басталады. Әсіресе жастардың діни білімінің жеткіліксіз болуы, әлеуметтік мәселелер мен жалған ақпараттардың таралуы экстремистік идеологиялардың ықпалына түсу қаупін арттырады. Сондықтан жастар арасында діни сауаттылықты арттыру – экстремизмнің алдын алудың маңызды жолдарының бірі.
Діни экстремизммен күресте отбасының, білім беру мекемелерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Отбасы балаларға дұрыс тәрбие беріп, адамгершілік құндылықтарды қалыптастырады. Мектептер мен жоғары оқу орындары жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, олардың ақпаратты дұрыс саралауына көмектеседі. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары қоғамға шынайы әрі сенімді ақпарат тарату арқылы радикалды идеялардың алдын алуға ықпал етеді.
Интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы экстремистік мазмұндағы ақпараттардың кең таралуына мүмкіндік беріп отыр. Осыған байланысты азаматтардың медиасауаттылығын арттыру, ақпарат көздерінің сенімділігін тексеру дағдыларын қалыптастыру маңызды. Әр адам күмәнді ақпараттарға сын көзбен қарап, тек ресми және сенімді дереккөздерге жүгінуі қажет.
Осы тұрғыда Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы қызметкерлеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Қайрат Салықбаев қатысып, қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау және діни экстремизмнің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның мақсаты – қызметкерлердің діни сауаттылығын арттыру, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, азаматтардың радикалды идеологияларға қарсы иммунитетін қалыптастыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін дамыту.
Кездесу барысында дәстүрлі рухани құндылықтардың маңызы, деструктивті діни ағымдардың белгілері, интернет кеңістігіндегі жалған діни ақпараттардың қауіптілігі және діни мәселелер бойынша ақпаратты тек сенімді дереккөздерден алу қажеттілігі кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, жастар арасында ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, заң талаптарын сақтау және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды. Кездесу соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға теологиялық және құқықтық тұрғыда жан-жақты жауаптар берілді.
