Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровқа арнап монументальды ескерткіш орнату туралы ұсыныстар жолданды

Бұл туралы бүгін Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі төрағасы Бауыржан Әлтеев Кеңесінің 2023 жылы атқарған жұмыстарын баяндау барысында айтты.

Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі атынан Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қоғамдық кеңестің жұмыстарын жетілдіру және жандандыру бойынша бірқатар ұсыныстар жолданды.

Жолданған ұсыныстардың бірі, қала тұрғындарының өтініштері негізінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровқа арналған монументальды ескерткіштер орнату туралы болды.

Сонымен қатар, қала тұрғындары қоғамдық кеңеске Ақпан батыр көшесіне айналма жол салу салдарынан жолдың жабылып, жүргізушілерге кептеліс тудырып жатқанын айтып шағымданған. Шағым түскен күні Қоғамдық кеңес мүшелері қала басшылығымен бірге аталған көшеге барып, мән-жайды анықтап, нәтижелі жұмыстар атқарған.

Қоғамдық кеңес мүшесі Мақсат Сәрсембаев мүмкіндігі шектеулі азамтардың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қатысты арызын назардан тыс қалдырмады. Арызда жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орныбасары мен мүмкіндігі шектеулі қала тұрғынының арасындағы кикілжің көрсетілген болатын. Осыған орай Кеңес отырысы ұйымдастырылып, аталған басқарма басшылығымен бірлескен түрде мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі талқылап, екі жақты келісім жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар Орталық саябақтағы Кеңес өкіметінің кезінде жерленген солдаттардың сүйектерін алып, басқа жерге жерлеу туралы мәселені Қоғамдық кеңес мүшесі Момбек Әбдәкімұлы көптен көтеріп жүрген болатын. Бұл мәселеде Қоғамдық кеңес отырысында бір ауыздан қолдау тауып, хат жолданған. Бүгінгі таңда аталған ұсыныс қала басшылығымен, қала мәслихаты тарапынан қолдау тауып отыр.

Бүгінде Қоғамдық кеңес қаланың бюджетін бекітуде, 2035 жылға дейінгі Шымкент қаласының Бас жоспарын бекітуде өз пікірлерін білдіріп, Кеңес отырысында талқылау жасаған. Қоғамдық кеңес отырыстарында Дендросаябақ мәселесі де жиі көтеріліп отырады. Саябақты суғару жүйелерін оңтайландыру, ағаштардың қурауы туралы да сұрақтарды көтеріп, тиісті ұсыныстар енгізуде.

Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығы