Елімізге шетелден бөлшектелініп әкелінген көліктерді тіркеуге рұқсат етілді

ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 4 мамырдағы қаулысына сәйкес, еліміздің аумағына конструкторлық жолмен бөлшектелініп әкелінген шетелдік көлік құралдарын тіркеуге рұқсат етілді. Тіркеу бүгіннен бастап барлық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізілетін болады.

Түркістан облысы бойынша 3 мамандандырылған ХҚКО (Түркістан қаласы, Сарыағаш қаласы, Сайрам ауданы Ақсукент кенті) жұмыс жасап тұр. Тіркеу үшін міндетті түрде 4 қадамнан өту қажет:

Бірінші қадам: көлік құралын тіркеу туралы өтінішіңізді онлайн режимінде «egov-kz», «kaspi bank» және «halyk bank» қосымшалары арқылы бересіз. Оның нәтижесі туралы онлайн режимінде хабарландыру келеді.

Екінші қадам: егер бірінші қадамнан мақұлдау алсаңыз, одан кейін процесинг орталығының қызметкері қолма-қол автокөліктің құжаттарының дұрыстығын тексереді және критерийлерге сәйкес келген жағдайда көлік құралын электрондық мақұлдау (одобрения) парағына енгізеді.

Үшінші қадам: Сіз қайтадан онлайн режимде өтінім бересіз. Одан соң көлік құралының техникалық құжатындағы агрегаттармен сәйкестігін тексеруге және криминалистикалық салыстыру жүргізу үшін көлік құралы тексеру пунктіне (ангар) жіберіледі.

Төртінші қадам: салыстырып тексеруден сәтті өткеннен кейін, автоЦон-ға барлық қажетті құжаттарды ұсынасыз, мемлекетке 200 мың теңге көлемінде алым төлейсіз. Айта кетсек, шетелдік көлік құралдарын тіркеу кезеңі 1 шілдеге дейін ғана жүргізіледі. Сондықтан мүмкіндікті жіберіп алмай, шетелден әкелінген көліктеріңізді тіркеуден өткізіңіздер.