Елімізде беделді шетелдік университеттердің 5 филиалын ашу туралы                                        

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру жолында стратегиялық маңызы бар жоғары білім мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. 2022 жылы Президенттің Парламент мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде білімге деген көзқарасты өзгерту, әсіресе техникалық мамандықтарға басымдылықты беру қажет екендігі баса айтылды. Осы мақсатта 2025 жылға дейін елімізде беделді шетелдік университеттердің 5 филиалын ашу және еліміздің батыс өңірінде техникалық бейіні бар 2 филиалын құру жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын дер кезінде орындауды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігін басқарған Асхат Аймағамбетов бастап, ал қазіргі таңда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек одан әрі жалғастыру үстінде.
2023 жылы 6 қаңтарда Астанада өткен Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу бойынша тапсырмасын іске асыру үшін жұмыстың жүргізіліп жатқандығын айтты. Жиында Саясат Нұрбек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университетінің, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалы құрылғандығын атап өтті. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасында стратегиялық әріптестік моделі жүзеге асырылып жатқандығы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Ұлыбританияның Хериот Ватт университетімен ынтымақтастығын бастағандығы туралы айтылды.
Атырау қаласындағы С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы ресми түрде ашылды. Бұл филиал 2022 жылы мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану, мұнай-газ технологиялары, мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларды бакалавриатқа қабылдау науқанын бастады және осы мақсатта 200 грант бөлінді.
Елімізде бірқатар отандық жоғары оқу орындарының базасында университеттер филиалдарын құру жұмыстары жалғастырылуда. Бұл бағытта Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті де тиісті жұмыстарды жүргізу нәтижесінде университет базасында Түркия Республикасының ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Гази университетінің филиалын ашу жұмыстарын жүргізуде және бірлескен, қос дипломды білім беру бағдарламаларын дайындауда. Гази университетінің тарихы 1926 жылдан басталады, ол Түркия Республикасының Тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің бұйрығымен Мұғалімдер даярлайтын институт ретінде құрылған еді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың педагогикалық мамандықтар бойынша кадрлар дайындайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің профильдеуді қамтамасыз ету саясаты нәтижесінде 2021-2022 оқу жылында Оңтүстіктегі барлық педагогикалық кадрларды дайындау ісі 85 жылдық тарихы бар біздің университетке жүктелді.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті өзінің миссиясы мен келешегін дамудың жаңа стратегиясына, жаһандық білім беру нарығында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі мақсаттар, міндеттер мен нақты бағыттарын қалыптастырған білім берудегі үздік тәжірибелерді оқу процесіне қолдану негізінде жұмыс атқаруда.
Университетте бакалавриаттың — 34, магистратураның — 21, докторантураның 12 білім беру бағдарларамасы негізінде 7 мыңнан астам білім алушыларды дайындау ісі жүзеге асырылуда.
Білім беру саласындағы заманауи трендтерге сәйкес университетіміз трансформацияның жаңа кезеңіне көшуде. Біздің бағытымыз — әлемдік озық тәжірибелер негізінде отандық заманауи білім беретін педагогикалық ЖОО айналу.
Жоғары білім саласында отыз жылға жуық тәжірибесі бар маман ретінде бұл филиалдар елімізде кәсіби кадрларды дайындау және білім сапасын арттыру ісіне өз үлестерін қосатындығына, сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындарына тәжірибе алмасуда үлкен мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін!

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Исабек Баршагүл Қашқынқызы