Еңбек тәртібін бұзу деректеріне бақылау күшейтілуде

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасы және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары негізінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында мемлекеттік органдардың еңбек және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларының сақталуы, мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту, еңбек тәртібін бұзудың жолын кесу мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізіледі.

Осы ретте, Департамент тарапынан Инспекцияға қол жетімділікті бақылау және басқару жүйесіндегі жұмыс уақытының деректеріне жүргізілген мониторинг қорытындылары жолданатын болады.

Инспекция өз тарапынан анықталған бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жауапты қызметшілердің жауаптылығын (соның ішінде әкімшілік жауаптылығын) қарау бойынша шараларды қабылдайды.

Атқарылып отырған шаралар мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға, икемді жұмыс кестесін құруға, еңбек заңнамасын қатаң сақтауға, оның ішінде жұмыс күні аяқталғаннан кейін мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнындағы кідірісін, қызметшілердің демалыс күндері жұмысқа шығу практикасын тоқтатуға бағытталғанын атап өту қажет.

ҚР МҚІА Шымкент қаласы бойынша департаменті