Жамбылдық жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламасы әзірленуде

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте өңір жастарына арналған «Әулиеата жастары» атты жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасының жобасы сараланды деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.

Бұл бағдарлама өткен жылы облыс басшысының бастамасымен қолға алынған болатын. Басқосуда аталған жоба туралы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа баянады.

— Өткен жылы мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы бекітілген болатын. Бұл жобаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктерін ескере отырып, еліміздегі бірқатар аймақтар мен қалалардағы оң нәтиже берген бағдарламаларды негізге алдық. Мұндағы мақсат өңірдің тұрақты даму мүддесінде жастардың бәсекелестік артықшылықтарын арттыру болатын. Оған қол жеткізу үшін бірнеше міндеттерді іске асыруды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының айтуынша, жобада барлығы 21 негізгі индикатор қарастырылған. Негізгі индикаторлар арқылы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітіліпті.

— Бүгінгі жастар арасында өзекті мәселелердің бірі – баспана. Бұл проблеманы шешу үшін салалық мекемелермен бірлесіп, «Әулиеата жастары» тұрғын үй несиесін үлестіру бағдарламасын әзірлеуді қолға алдық. Бұл жобаның бастапқы қаржыландыру көлемі 2 млрд. теңге шамасында деп көзделіп отыр. Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 13 млн. теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлемесі – 5 %. Бастапқы жарна – 0-10-20. Алғашқы кезеңде 200 адамды қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді С.Берікқожа.

Өтініш пен құжаттарды қабылдау электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады екен. Қатысушының жасы 35-тен аспауы тиіс.

  Спикердің сөзін мұқият тыңдаған аймақ басшысы бағдарламалардың кейбір тұстары әлі де толықтыруды қажет ететінін жеткізді. Мәселен, қаржы саласының мамандарымен бірлесіп, пайыздық көрсеткіштерін әлі де төмендету жақтарын қарастыру қажет. Сонымен қатар үй алу жолдары жастарға барынша жеңіл болғаны жөн. Әсіресе банктегі салымы жоғары жастардың баспаналы болуына мүмкіндіктер туғызған абзал.

— Мұны пилоттық жоба деп қабылдау керек. Егер дұрыс нәтиже көрсетсе, кейінгі жылдары да жалғастыратын боламыз. Бұл орайда, жергілікті әкімдіктің тарапынан барлық қолдау шаралары жасалуы тиіс. Бағдарламада мемлекеттік қызметтегі жастарды да қамту маңызды, – деп атап өтті облыс әкімі.

Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова да жобаның кейбір талаптарын тағы да пысықтау қажеттігін алға тартты. Ал «Отбасы банкі» Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Талғат Жақсылықов өңірдегі 31 мыңға жуық жас банк салымшысы бар екенін мәлімдеп, олардың жинақ қаражаты 10 миллиард теңгеге жеткенін айтып өтті.

Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты мамандарға «Отбасы банкінің» депозитінде жатқан жастардың қаражатын айналымға енгізу жолдарын қарастырып, жастарды баспанамен қамтуды жеделдету керектігін тапсырды.

— Жобаның кемшін тұстарын қайта пысықтаңыздар. Мұны облыстық мәслихаттың талқылауына ұсынамыз. Егер қолдау тауып жатса, қаржы көздерін қарастырып, бірден іске кірісетін боламыз. Жастар – мемлекетіміздің ертеңі. Олардың алаңсыз білім алып, еңбек етуі үшін ең алдымен баспана мәселесін шешіп алуымыз керек. Сонда ғана олардан нәтижелі жұмыс күтуге болады, – деді облыс әкімі.