Жамбылдық полицейлер 82 жастағы қарт әжеге көмектесті

Жамбыл облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің басым бөлігі қазіргі уақытта тас жолдарда тәулік бойы кезекшілік етіп, қар құрсауында қалған адамдарға көмектесуде. Бұл уақытта олардың облыс орталығындағы әріптестері де күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Олар өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындай отырып, жалғызбасты ардагерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар туралы ұмытпайды. Ауа-райының күрт нашарлауына байланысты олар бірқатар мәселелерге тап болуда. Осындай минуттарда тәртіп сақшылары әрқашан көмекке келуге дайын. Ешкімді қиындыққа қалдырмау – бұл олардың принципі.

Оның жарқын мысалы ретінде бүгінгі қайырымдылық шарасын айтуға болады. Облыс ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 82 жастағы «Алтын алқа» иесі Рауза Қанибетованың үйіне барды. Полицейлер ауланың қарын тазалап, көмір тасып, отын жарып, бірнеше күнге азық-түлік сатып алып берді. Қария оларға алғысын білдіре отырып, батасын беріп, қиын қызметтеріне табыс тіледі.