Жамбыл ауданында жүгерінің бойы 2 метрге жеткен

Жыл өткен сайын жамбылдық шаруалар егістіктің қыр-сырын меңгеріп, баптап өсірудің түрлі тәсілін меңгерген.

Биыл Жамбыл ауданында егілген жүгерінің өнімін бас бармақпен бағалауға тұрарлық.

Жамбыл ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібековтың айтуынша, биыл өңірде 1800 гектарға жүгері егілген. Бүгінде 1530 гектары орылып, одан 8770 тонна өнім алынған.

Алқаптан жоғары өнімге қол жеткізген Гродикова ауылдық округінің шаруалары 263 гектарға жүгері орналастырған.

Табысын еселеп отырған Александр Рыбалко биыл 7 гектарға, ал «Тимофеев» шаруа қожалығы 50 гектарға жүгері еккеніне еш өкінбейді.

Шаруалардың алды гектарынан 8 тонна өнім алып, табыстың тайқазанын тасытты.

 – Жылдық көрсеткішке қарағанда биыл жүгеріден анағұрлым көп өнім жиналып отыр. Судан еш тапшылық көрмеді. Жүгерінің бойы 2 метрге жетеді. Арасында жинап жүрген техникаларды әзер байқайсыз. Келер жылы егістік көлемін ұлғайту жоспарымызда бар, – дейді Александр Евгеньевич.

Шаруаның сөзінің жаны бар. Еңселі жүгері алыстан көзге менмұндалайды.

Ақжігіт Жетпісбай, Жамбыл ауданы.