Жамбыл облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «ForYou Energy» ЖШС қолға алған қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттың құрылысына капсула салу рәсіміне қатысты.
 
Ірі инвестициялық жоба Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы инвестициялық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. 
 
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жобаның өңір үшін маңызын атап өтті.
 
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандырумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді. Жылдар бойы жинақталған тұрмыстық қалдықтарды тиімді кәдеге жарату, полигондарға түсетін жүктемені азайту және қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Осы тұрғыдан алғанда, бүгін бастау алған жоба өңір үшін аса маңызды. Кореялық әріптестеріміздің Жамбыл облысына инвестиция салуы өңірдің экономикалық дамуына тың серпін береді, – деді өңір басшысы.
 
«ForYou Energy» ЖШС-ның бас директоры Өнербек Сейітхамзаның айтуынша, жоба аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи кешен салынады.
 
Жобаның жалпы құны 80 млрд теңгені құрайды. Ол екі кезеңмен іске асырылады: бірінші кезең 2027 жылдың І тоқсанында, екінші кезең 2029 жылдың ІІІ тоқсанында пайдалануға беріледі.
 
Кәсіпорында Корея Республикасының озық технологиялары енгізіліп, тәулігіне 900 тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдық өңделеді және 20 МВт-қа дейін электр энергиясы өндіріледі. Құрылыс кезеңінде 400 адам еңбек етеді. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорында 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
 
– Жобаның негізгі мақсаты – қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайту және «жасыл» энергетиканы дамыту. Сонымен қатар қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға басымдық беріледі. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл күзде құрылыс алаңына 1000 түп қарағаш отырғызу жоспарланып отыр, – деді Өнербек Сейітхамза.

Источник: с сайта gov.kz