«Жасампаздыққа толы жылдар»

Тәуелсіздіктің құрдасы- өжетті жас маман! Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылында Қазақстан Республикасы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Егемендігіміздің басты жетістігі, еліміздің ертеңі жастар. Осындай жалынды жастардың бірі Әлібек Жуманов. Әлібек Ақбердіұлы жастар ел болашағы екендігінің жарқын дәлелі. Барынша тез өрт сөндіру құралдарының қанат жаюын іске асыру, адамдарды құтқару, құндылықтарды қауіпсіз аймаққа шығару, биіктерде, түтінге оранған ортада және жоғары температурада жұмыс жасау, қиын жағдайларда түрлі кедергілерден өту өрт сөндірушілердің тек өз міндетіне деген жоғары жауапкершілікті ғана емес, жақсы денсаулықты, төзімділікті, батырлықты, тез әрекет етуді талап етеді. Бұл қасиеттердің барлығы бойынан табылатын Әлібек-тәуелсіздіктің құрдасы. Шымкент қаласында 1991 жылы 24 маусымында дүниеге келген ол жастайынан спортты жанына жақын тұтып, мектепте оқып жүрген кезден-ақ теңбіл допты өзіне серік етеді. Талпынысы жоғары, белсенділігімен бел асуға әрдайым дайын болған Әлібектің жүлделері де аз болмады. 2006 жылы Шымкент қаласында футболдан білім беру мекемелері арасында өткен жарыста Әлібек мүше болған 47 мектеп командасы бірінші орынды иеленсе, 2007 жылы жастар арасында өткізілген Қазақстан біріншілігінде 1- орынды алды. Сол аталған жарыста ол үздік қорғаушы номинациясына ие болды. 2008 жылы Семей қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде жастар футбол командаларының арасында Әлібек бастаған команда 3- орынды иеленді. 2011-2013 жылдар аралығында Ордабасы жастар футбол клубының құрамында болып, команданың жүлделі орындарға ие болуына өз үлесін қосты. 2016 жылы өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналасқанда да өз белсенділігімен алдыңғы шепте бола білді. Қазыргі таңда №2 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші лауазымында қызмет атқарады. Бұл қызметте мықтылық пен ептіліктің маңызы зор екендігін жақсы білетін жас маман спортты тастаған емес. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша құқық қорғау органдарының арасында өткен шағын футболдан жарыста ТЖД футбол командасы 2-орынға ие болды. Әрине бұл жеңісте Әлібек сүбелі үлес қосты. 2018 жылы бұл команда футбол командасы 2-орынды қанжығасына байлады. Ал Алибек осы жарыста үздік ойыншы номинациясын иеленді. Тек спортта ғана емес өртті сөндіру және адамдарды құтқаруда да алдына жан салмайтын жас маман болашағынан көп үміт күттіреді. Міне осындай салауатты өмір салтын ұстанған, өжетті жастар – біздің Егеменді еліміздің жарқын болашағы болатынына сенімдімін!

К. Арсланов Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі