Жастарды жұмыспен қамтуда мемлекеттік бағдарламалардың үлесі мол

Жастарды жұмыспен қамтуда

Жастарды кәсіпкерлік іске баулу, жұмысқа орналастыру, оларға заманауи технологияны меңгерту күн тәртібінен түспей отырған өткір мәселелердің бірі. Әлеуметтік мәселені шешу үшін, алдымен жұмыс мәселесін шешу қажет. Жұмыс істеймін деген жасқа мүмкіндік көп. Соны түсіндіру, жан-жақты қолдау көрсету – міндетіміз.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NEET санатындағы жастар санын жылына кем дегенде 1%-ға азайту және 2021 жылы 6%-ға дейін төмендету жөнінде тиімді шаралар қабылдауды міндеттеген болатын. Яғни жастарды жұмыспен қамтып, білім беру жобаларына тартуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдауды тапсырған еді.

Шымкентте Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастардан-жастарға ақпараттық керуен» жобасы аясында жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Ақпараттық түсіндірме жұмыстарына Еңбекші ауданы бойынша Мансап орталығының маманы Джанабаева Зауре Абдихазиевна және Оңтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінің жастары қатысты.

Түсіндірме жұмыстары барысында жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» жөнінде толыққанды ақпараттар беріліп, жадынамалық парақшалар таратылды.

Сондай-ақ  Жастар ресурстық орталығының мамандары Орталық саябақта мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Жобаның мақсаты — жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында кеңінен насихаттау жөнінде ақпараттандыру және NEET санатындағы жастар үлесін азайту.

Ақпараттық түсіндірме жұмыстарында мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары: «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» мен жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары мен мемлекет тарапынан берілетін гранттар жөнінде, сонымен қатар «Аqyl» білім беру жинақтау салымдары туралы түсіндіріліп, ақпараттар берілді. Жастарға анықтамалық парақшалар және психологиялық кітапшалар таратылды.