Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда көптеген әр түрлі  шаралар ұйымдастырылып жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттыру керек.                                          

2022 жылғы 30 қараша күні Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек  Түркістан қаласындағы Халықаралық оқу ордасында  студенттермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Сәбит Әсетұлы студенттерге мемлекет саясатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің салдарымен емес, туындау себебімен күресуге айрықша басымдық берілгенін атап өтіп, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталғанын мәлімдеді.

Ел жастарының таза қоғамды құрудағы рөлі талқыланған шарада адалдық, ар тазалығы, отбасы құндылықтары, еркіндік және әділдік ұстанымдарын қалыптастырудың тиімді тетіктері ортаға салынып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне төтеп беруге қауқарлы ел жастарын тәрбиелеудің негізгі басымдықтары мен жастардың белсенді таңдауы – таза еңбек, адал қызмет болу қажеттігі сөз болды.

Өз кезегінде, Университеттің стратегиялық даму, рейтинг, комплаенс бақылау және сапа орталығының басшысы Жанәлі Дәрібаев оқу ордасында жемқорлықтың алдын алу іс-шаралары туралы мәлімепдеп, университетте сенім телефоны мен сенім жәшіктері қойылғанын, бірнеше нормативті құжаттардың әзірленгенін, сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері үшін білімгер де, қызметкер де толықтай жауапкершілікте болатынын және олар арнайы декларация тапсыратынын атап өтті.

Бұған қоса, экономика, басқару және құқық факультетінің деканы міндетін атқарушы Сәбит Баймағанбетов еліміздегі сыбайластық әрекеттерін болдырмауда шетелдік тәжірибеге негізделген іс-шараларды жүзеге асырудың маңызына тоқталып өтті.

Кездесу барысында тараптар университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру туралы ұсыныстар айтып, білімгерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап алып, ой-пікірлерімен бөлісті.