«Жер-2021» халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде

Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғаныс бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің «Жер-2021» халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығуды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастырушылық нұсқауларына сәйкес Шымкент қаласының ТЖ департаменті Алматы облысындағы осы іс-шараға қатысуда. Оқу-жаттығу 2021 жылғы 21-22 қыркүйек аралығында өтеді. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты — төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ жойқын жер сілкінісі туындаған кезде ТЖ жоюға азаматтық қорғаудың басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау.Халықаралық деңгейде өтіп жатқан оқу-жаттығуға Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің ТЖ министрілігі және Тәжікстан Республикасының ТЖ комитеті қатысуда. «Жер-2021» халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығудың тақырыбы: «Алматы облысындағы жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштер мен құралдарын дайындау».Шымкент қаласының Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің кіші жүйесінің және ТЖ департаментінің күш және құралдарын қала әкімінің орынбасары М.З.Айманбетов және департамент бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаев басқаруда. Шымкент қаласының күш және құралдары Алматы облысындағы Тамғалы Тас шатқалы «Жартасты қала-Астана» оқу – жаттығу полигонында Алматы қаласында болуы мүмкін қиратушы жер сілкінісі кезінде өзара көмек көрсету іс-әрекеттерін пысықтайды. Оқу-жаттығудың ойы бойынша 2021 жылғы 21 қыркүйекте Алматы облысында жер сілкінісі қаупі туралы «Апат 999» сигналын алғаннан кейін Шымкент қаласының күштер мен құралдардың басқару органдарын хабардар ету жүзеге асырылды. ТЖ алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссияның шұғыл отырысы өткізілді және авариялық-құтқару күштері мен құралдары жеке құрамында 1800 адам және 386 бірлік техникасы бар 121 құралым жоғары дайындыққа келтірілді. Оқу-жаттығу өткізу орнында жедел штаб құрылып, жойқын жер сілкінісі қатері және туындауы кезінде ден қою, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезінде азаматтық қорғаудың бағынысты күштері мен құралдары іс-қимылдарының үйлесімдігі мен өзара іс-қимылды жетілдіруі нақтыланады.

Гулназ Расулова азаматтық қорғау подполковнигі Шымкент қ.ТЖД ТЖ жою бөлімінің бас маманы