Жүйелі диалог және қоғамдық келісім

Жүйелі диалог

Қазіргі заманда қоғамның тұрақты дамуы мен ел бірлігін сақтауда татулық пен жүйелі диалогтың маңызы ерекше. Әртүрлі ұлттар мен мәдениеттер, әлеуметтік топтар мен көзқарастар тоғысқан ортада өзара түсіністік пен сыйластықты қалыптастыру – мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

Татулық – бейбіт өмірдің, тұрақтылықтың және өркендеудің басты кепілі. Адамдар арасында сенім мен құрмет болған жағдайда ғана ортақ мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады. Қоғамдағы келісім азаматтардың әл-ауқатын арттырып, елдің дамуына оң ықпал етеді.

Ал жүйелі диалог – түрлі мәселелерді өркениетті түрде шешудің тиімді құралы. Диалог барысында әр тарап өз пікірін ашық айтып, өзгелердің көзқарасын тыңдауға мүмкіндік алады. Мұндай өзара әрекет түсініспеушіліктердің алдын алып, ортақ шешім қабылдауға жол ашады. Жүйелі түрде ұйымдастырылған кездесулер, қоғамдық тыңдаулар мен пікірталастар азаматтық қоғамның дамуына ықпал етеді.

Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде татулық пен келісім құндылықтарын әрдайым жоғары бағалайды. Елде түрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт өмір сүруіне жағдай жасалып, қоғамдық келісімді нығайту бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Бұл саясат қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және ұлттық бірлікті нығайтуға қызмет етеді.

Осы орайда Сауран ауданында «Адал азамат» жобасы аясында ҚХА жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев ұйымдастыруымен студент жастарға арналған «Ақсақалдар кеңесі: татулық пен жүйелі диалог алаңы» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоғамдық келісім мен татулықтың маңызын түсіндіру, сондай-ақ жастар мен аға буын өкілдері арасында ашық әрі сындарлы диалог орнату болды.

Кездесу барысында Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықтың негізі өзара сыйластық пен түсіністікте екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Ақсақалдар бүгінгі таңда қоғамда орын алып отырған өзекті мәселелерге қатысты ойларын ортаға салып, жастарды білім алуға, өзін-өзі дамытуға, ұлттық дәстүр мен мәдени мұраны құрметтеуге шақырды. Сондай-ақ, отбасы құндылықтарын сақтау, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу секілді тәрбиелік мәні зор мәселелер кеңінен сөз болды.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Жастар мен ақсақалдар арасындағы мазмұнды әңгіме өзара түсіністік пен сенімге негізделген нәтижелі сұхбат алаңына айналды.

Осындай тағылымды кездесулер жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы азамат болып қалыптасуына оң ықпал етеді.

Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасуы қажеттігін атап өтті.

Татулық пен жүйелі диалог алаңы – қоғамның дамуы мен тұрақтылығының маңызды тетігі. Өзара құрметке негізделген ашық диалог адамдарды жақындастырып, ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті қалыптастырады. Сондықтан татулық пен диалог мәдениетін дамыту әрбір азаматтың маңызды міндеті болып табылады.