Кентау көшелері 80 пайызға жаңартылады

Кентау қаласы бойынша 374 шақырымды құрайтын 427 көше бар. Былтыр жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 70 пайызды құрап, 262 шақырым жолдар асфальтталған болатын.

Биыл бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланған. Яғни асфальт төселетін жолдардың ұзындығы 297 шақырымға жетеді. Қала әкімі Жандос Тасов қала тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелердің бірі Бейбітшілік көшесіне асфальт төсеу жайы болатын. Тұрғындар өтініші жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда 700 м құрайтын жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонда-ақ 400 м жолға асфальт салынды. Жұмыстар уақытымен жүргізілуде. Қала әкімінің орынбасары Қуаныш Искаков сала мамандарымен бірге жұмыс барысын бақылады. Құрылыс жүргізуші мекемеге сапаға мән беруді ескертіп, жауапты сала басшысына жұмыс барысын ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ қаладағы Төле би 62, 66, 68, 70 және Д.Қонаев 10, 12, 14 көпқабатты тұрғын үй аулаларына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орташа жөндеу жұмыстары барысында 4550 ш.м құрайтын ені 4.5м автомобиль жолдары салынып, 515 ш.м құрайтын аяқжол салынатын болады. Сондай-ақ, аулаларға 4 жерден жалпы көлемі 1190 ш.м құрайтын автотұрақтар салу қарастырылған.

Айта кетейік, осы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Хантағы ауылының 3 көшесіне, Ащысай ауылында жалпы 4 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі