Қазақстан – жүзден астам этнос пен түрлі діни конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет. Конституция барлық азаматтың теңдігін қамтамасыз етіп, этностық және діни ерекшеліктеріне қарамастан олардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді. Бұл еліміздегі қоғамдық келісімнің, өзара сыйластықтың және тұрақтылықтың берік негізіне айналды.
Қазіргі таңда қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті. Конституцияда белгіленген заң талаптарын құрметтеу, азаматтық жауапкершілікті сезіну, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу – елдің дамуына қосылған маңызды үлес. Әсіресе жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу және отансүйгіштік рухын қалыптастыру мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін аса маңызды.
Конституция зайырлы мемлекет қағидатын орнықтырып, әркімнің ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен қатар заң талаптарын сақтау, қоғамдағы келісім мен өзара құрметті нығайту арқылы дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге негіз қалайды. Осы тұрғыдан алғанда құқықтық мәдениетті дамыту, діни сауаттылықты арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау қоғамның бірлігі мен рухани қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының қағидаттарын кеңінен насихаттау және «Заң мен Тәртіп» акциясы аясында Сайрам ауданында «Конституция – бірлік пен тұрақтылықтың негізі» тақырыбында жастармен кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, Конституцияның қоғамдағы рөлін түсіндіру және заң үстемдігі қағидаттарын дәріптеу.
Кездесу барысында Сайрам аудандық «Қоғамдық келісім» КММ филиалының төрағасы Базарбай Айтбаев құқықтық мемлекет құрудағы әр азаматтың жауапкершілігіне тоқталып, заң мен тәртіпті сақтау – елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімнің маңызды кепілі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Сайрам ауданының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Алмас Бағдатов Конституцияның мемлекет дамуының басты тұғыры екенін айтып, жастарды заң талаптарын құрметтейтін, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын белсенді азамат болуға шақырды.
Өз кезегінде «Ел жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Нодиржон Хасантаев Конституцияда айқындалған бейбітшілік, келісім және бірлік қағидаттарының қоғам үшін маңызын атап өтіп, осы құндылықтарды нығайтуда жастардың рөлі ерекше екенін жеткізді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, жастар құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік және заң үстемдігіне қатысты өз ойларын ортаға салып, мамандардың сауалдарына жауап алды.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық санасын қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға, Конституция құндылықтарын кеңінен дәріптеуге ықпал етеді.
Қорытындылай келе, Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, ол – еліміздің бірлігі мен тұрақтылығының, тәуелсіздігі мен өркендеуінің берік негізі. Негізгі заңды құрметтеу, оның талаптарын сақтау және азаматтық жауапкершілікті жоғары ұстау – әрбір қазақстандықтың парызы. Бірлігі бекем, заңы үстем ел ғана тұрақты дамып, жарқын болашаққа нық қадам басады.
