«Кітап – AMANAT» дүкенінің ашылу салтанаты өтті

Өнерлі, білімді ұлттың жүзі – жарық, мұраты – асқақ. Ал, білім кітаппен келеді. Сондықтан да заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген аталы сөзі ешқашан маңызын жойған емес.

Шымкентте «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, қалалық филиал Төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық филиалдың Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы, жазушы, публицист Момбек Әбдіәкім және өңірдің зиялы қауым өкілдері, фракция мүшелері мен оқырмандардың қатысуымен партия филиалы ғимаратында «Кітап – AMANAT» дүкенінің ашылу салтанатты өтті.

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған болатын. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Адал азамат» тұжырымдамасының мән-мағынасына терең тоқталды. Осыған орай, «AMANAT» партиясы Президенттің бастамаларына демеу болып, өз деңгейінде ұлттың зияткерлік дамуына жан-жақты қолдау көрсетуді бастап кетті. «Қазақстан Республикасы баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, нақты жоспарлар бекітілді. Міне, енді барлық облыс пен қалаларда, тіпті үлкен аудан орталықтарында да осы жылдың соңына дейін жергілікті «AMANAT» партиясының жанынан қолжетімді бағада түрлі бағыттағы кітаптар сату ісі жолға қойылады.

Жиын барысында партия хатшысы Шолпан Каринова зиялы қауыммен және жас оқырманмен әңгімелесіп, өз ойымен бөлісті.

— Бүгін «Кітап – AMANAT» жобасы аясында алтыншы кітап дүкені ашылып отыр. Жобаның болашағы зор, өміршең болады деген сенімдемін. Біздер осылайша жастарға бағыт-бағдар көрсетіп отыруымыз керек деп санаймын. AMANAT кітап дүкендерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, кітапсүйер оқырман қауымның сүйікті мекеніне айналатынына сенімдімін, — деді Шолпан Каринова.

Алқақотан жиында көрнекті ақын Ханбибі Есенқараева бастаған қауым сөз алып, өз ойларымен бөлісті.Іс-шарада Шымкент қаласының Құрметті азаматы Еркін Сатқанбаев партиялық жобаға қолдау білдіріп, өскелең ұрпақты кітап оқуға үндеді.

— Кітап – рухани азық. Рухы мықты адам, руханият көкжиегі кең ұлт қана ұлы мақсаттар жолында ешкімге есесін жібермейді. Біз осы тұрғыда кітап шығару ісін, оны тарату жолдарын, халық арасында кітап оқу мәдениетін арттыру үшін тынбай жұмыс істеуіміз қажет. Себебі, кітапты қалқан, қару еткендер ғана рухани азат бола алады. Халқымызда «білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз бар, — деді ол.

Айта кетейік, партия бастамасымен ашылған кітап дүкендерінде тек кітаптар сатылып қана қоймай, авторлар, баспагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар, жаңа басылымдардың тұсаукесерлері мен талқылаулары ұйымдастырылатын болады. Мұндағы кітап сөрелерінен оқырмандардың талғамына қарай мыңнан астам түрлі жанрдағы еңбектерді табуға болады. Осыған дейін Алматы, Астана қалалары мен Жамбыл, Павлодар, Жетісу облыстарында ашылған кітап дүкендері тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.