Көпірден секірмек болған қызды полиция құтқарды

полиция

Сауран аудандық полиция бөлімінің “102” тетігіне Шымкент-Түркістан бағытындағы көпірден жасы кәмелетке толмаған жас қыздың секіруге әрекеттеніп жатқаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары Ерғазы Жүнісов, Марат Әуезов және Бахром Хашимовтар бірден жетті.

Оқиға кешкі сағат 21:00 шамасында орын алған. Тәртіп сақшылары келген кезде жасөспірім қыз көпірден секіруге ыңғайланып тұрғанын көріп, райынан қайтару үшін онымен тез арада сөйлесу қажет екендігін түсінді. Содан полиция инспекторлары бойжеткенді секірмеуге үгіттеп, қауіпті қадам жасамауға көндіре бастайды.

Сол сәтте тәртіп сақшысының бірі қолайлы сәтті пайдаланып, бойжеткенді шапшаңдықпен ұстап қалып, қауіпсіз аумаққа алып шықты. Қырағылық пен жедел әрекеттің арқасында полицейлер осылайша 9 сынып оқушысын құтқарып қалады.

Белгілі болғандай, қыздың әкесі ұялы телефонын алып қоюының салдарынан араларында кикілжің туындап, жасөспірім ойланбастан осы қадамға барған.

Әкесі қызын аман алып қалған тәртіп сақшыларына риясыз алғысын білдірді.

Сондай-ақ кәмелетке толмаған қыз бен оның ата-анасымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу бойынша қатаң ескертілді.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі