Біз тек полицейлердің қалай жұмыс істейтінін тексергіміз келді

қоңырау

Жамбыл облысының полиция қызметкерлері 112 нөміріне қоңырау шалып, көмекке мұқтаж екенін хабарлаған екі кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Жаңылыстыру үшін қоңырау шалған балалар Ақтөбе қаласында екенін көрсетті.

Полицейлермен әңгімелесу барысында оқушылар полиция қызметкерлерінің қалай жұмыс істейтінін тексеру үшін әзіл ретінде құтқару қызметіне қоңырау шалғанын түсіндірді.

Жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы «Арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақыру, 14 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған іс-әрекеттер» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті әрбір осындай деректерге  жан-жақты тексеру жүргізілетінін ескертеді.

 Барлық азаматтарға мұндай «ойындар» үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертеміз.

ЖО ПД баспасөз қызметі