Жамбыл облысында үш айдың ішінде 179 жүргізуші мас күйінде көлік басқарған

мас

Полиция қызметкерлерінің  тарапынан жүргізілген профилактикалық іс-шараларға және көлік құралдарын басқару құқығынан айыру мерзімдерінің едәуір ұзаруына қарамастан, Жамбыл облысында жүргізушілер мас күйінде көлік жүргізіп, салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алу үрдісі жалғасуда.

Ағымдағы жылдың 3 айында 179 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізгені үшін  басқару құқығынан айырылған 13 азаматтың қайта көлік руліне отырғаны белгілі болды.

Мәселен, 2024 жылдың 13 сәуірінде Луговой ауылында салдары жолда қайғылы жағдай орын алу мүмкіндігі басым жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың тағы бір дерегін полицейлер дер кезінде анықтады.

Құрымбаев көшесінің  бойында полиция қызметкерлерінің назарына  «Volkswagen Vento» маркалы автокөлігі түскен. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, 43 жастағы жүргізушінің «орташа» дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

Сондай-ақ, 2023 жылы осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін ер адамның көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге  айырылғаны белгілі болды.

Осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Автокөлік арнайы көлік тұрағына қойылды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті көлік құралын мас күйінде басқару қоғамдық қауіптілігі басым жол қозғалысы ережелерін ең ауыр бұзушылықтардың бірі болып табылатынын ескертеді. Көлік руліне мас күйде отыру көбінесе жазықсыз азаматтардың зардап шегуіне себеп болып, олардың тағдырларында өшпес із қалдырады.

Жамбыл облысы ПД